Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақша үнемдеу жолы: жеке қаржы жоспарын қалай құруға болады

Ақша үнемдеу жолы: жеке қаржы жоспарын қалай құруға болады

Жаңа үй немесе автокөлік сатып алу үшін тек қана армандау жеткіліксіз. Алға мақсат қою керек. Ал сол мақсатқа қол жеткізу үшін нақты жоспар қажет
Жеке қаржы жоспары деген не және оны қалай құрады? Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
Жеке қаржы жоспары – белгілі бір уақыт аралығындағы арман-мақсаттар мен оған жетудің әдіс-тәсілдері. Жоспарды қағазға немесе смартфондағы қосымшаға жазып қоюға болады. Жоспар адамның мақсатына қарай қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болады: бір ай, бір жыл немесе 5-10 жыл.
Осы жоспардың көмегімен адам өзінің қаржылық жағдайына объективті баға береді. Ақшасын үнемдеп, оңды-солды шашуын доғарады, мақсатына жету үшін қажетсіз шығындардан құтылады.

Өз мақсатыңызды қағазға жазыңыз және нақтылаңыз
Жеке қаржы жоспарын құрудың ең бірінші қадамы – мақсатты айқындау. "Өз үйім болғанын қалаймын" деген жалпылама арманнан гөрі "үш жылдан кейін өзімнің екі бөлмелі пәтерімде тұрғым келеді" деген дұрысырақ.
Болашақ пәтеріңіздің қандай ауданда, қай қабатта орналасатынын, жалпы ауданын нақтылаңыз, бағасын біліңіз және оны сатып алу үшін ай сайын қанша ақша жинау керек екенін есептеңіз. Тұрғын үй нарығын және пәтерді қандай бағдарламамен алуға болатынын зерделеңіз.
Айта кетері, адам өз алдына бір мезетте бірнеше мақсат қоюы мүмкін. Тек солардың қайсысы сіз үшін бірінші кезекте, соған мән беріңіз. Оған қай уақыт аралығында қол жеткізе аласыз және қанша ақша қажет – соны анықтаңыз. Егер қысқа мерзімді мақсат болса, нарық пен баға өсімін зерттеңіз. Егер ұзақ мерзімді мақсат болса, ай сайын қанша теңге жинайтыныңызды және сізге кедергі келтіруі мүмкін факторларды ескеріңіз.

Басымдықтарды дұрыс белгілеңіз
Кейде адам бәріне бір сәтте қол жеткізгісі келеді. Мысалы, жаңа техника сатып алу, шетелге демалысқа бару немесе үй алу. Сіз үшін ең маңыздысы не, соған басымдық беріңіз. Мәселен, шетелге демалысқа кейінірек, туристік жолдамалар арзандағанда баруға болады. Немесе жаңа техника сатып алғанша ескісін пайдалана беріңіз.

Бюджетіңізді бағалаңыз
Егер сіз осы күнге дейін кіріс пен шығынды есептемей келсеңіз, онда мұнымен айналысатын кез жетті. Осылайша сіз қаржылық жағдайыңызға баға беріп, айына қанша және қайда ақша жұмсайтыныңызды, қандай шығындардан бас тартуға болатынын, қанша ақша үнемделетінін нақты көре аласыз. Осыдан кейін бюджетті жоспарлап, қаржы жоспарын құруға болады. Мақсатыңызға қол жеткізу үшін қосымша табыс көзі қажет болуы мүмкін.

Ақылмен үнемдеңіз
Ақша үнемдеу өзіңді шектеу деген сөз емес. Қаржы мәселесінде жай ғана саналы тұтыну қағидасын сақтаңыз. Артық және қажетсіз шығындардан арылыңыз, сауда орталығына күні бұрын тізім жасап барыңыз және акциялар мен жеңілдіктерден қапы қалмаңыз.
Қаржыны жоспарлаумен айналыса бастағандардың көбісі жіберетін қателік – аз жалақыдан көп ақша қалдыру. Егер бұлай жасасаңыз, тез жалығып кетесіз. Өйткені күнделікті тұрмыста ақша жетпей, қарыз алуға мәжбүр боласыз.
Ең азынан – 10%-тен бастаңыз. Бұл сіздің қалтаңызға салмақ түсірмейді. Егер ай сайынғы жалақы жеткілікті болып, 30% жинауға мүмкіндік болса, онда құба-құп.
Мысалы: 150 мың теңге жалақыдан 15 мың теңге қалдыру қажет. Үш айда 45 мың теңге жиналады, ал бір жылда – 180 мың теңге. Егер ақша үйде емес, депозитте жатса, үстіне пайыз қосылып, бұдан да көп болады.

Өзіңізді ынталандырыңыз
Ақшаны "матрастың" астына емес, банк шотына жинаған жөн. Шоттағы соманың ай сайын көбейіп жатқанын көргенде, одан әрі жинауға деген құлшыныс артады.
Егер ұзақ мерзімге жинасаңыз, жинақ депозитін таңдаған дұрыс. Мұның артықшылығы – сыйақы мөлшерлемесі жоғары болады.

Ақша сізге жұмыс істеуі керек
Ақша жинаудың баламалы жолы – бағалы қағаздарға инвестиция құю. Алайда инвестиция – бұл жақсы ойластырылған іс-әрекеттің нәтижесі. Қаржы құралдарынан түсетін кіріс неғұрлым көп болса, шығынға ұшырау қаупі де соғұрлым жоғары. Шын мәнінде табыс табу үшін мол тәжірибе мен білім қажет.
Ең бастысы – қаржы пирамидаларына алданып қалмау.

Жоспарыңыздан айнып қалмаңыз
Жеке қаржы жоспарын құрғаннан кейін одан ауытқымау өте маңызды. Жоспарға түзету енгізуге болады, өйткені адамның мақсаты өзгеруі немесе өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Сондықтан жоспарыңызға дер кезінде өзгеріс енгізуге тырысыңыз.
Қаржы жоспарын құрғаннан кейін, ол жайлы мүлде ұмытып кетсеңіз, оның ешқандай мәні болмайды. Жоспарды күн сайын қараңыз. Қосымша табыс түссе, міндетте түрде қаржы жоспарына жазыңыз.

sputnik.kz
28 шілде 2022 ж. 432 0