Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нанды қадірлей білейік

Нанды қадірлей білейік

Ас атасы – нан. Нанды қадірлеу бала кезден санамызға сіңген қағида. Тіпті мектеп партасына алғаш отырғанда «Нан қиқымын шашпаңдар, жерде жатса баспаңдар. Теріп алып қастерлеп, торғайларға тастаңдар» деген тақпақ жолдарын жаттатушы еді. Осы нанның қадіріне жетіп, қастерлей алып жүрміз бе? Ысырапшылдыққа жол беріп жатқан жоқпыз ба? Кейде тоқшылық заманда берекездікке жол беріп, обал-сауаптан ажырап бара жатқандаймыз. 

Ашаршылық жылдары адамдар тамағына талғажау таба алмай қырылды. Олар үшін бір үзім нанның қадірі бәрінен биік болды. Қазір қарттық басқан сол ашаршылық жылдардың шет-жағасын көрген үлкендер ас атасын бәрінен биік қояды. Әріге бармай-ақ, тіпті кешегі тоқсаныншы жылдардағы қайта құру дәуірінде қиындыққа тап болған қарапайым шаруа адамдарының өзі нан табу үшін ауыр еңбек етіп кетті. Елде ұн тапшы болып, қара бидайды диірменмен тартып ұн жасаған күндерін үлкендер әлі ұмыта қойған жоқ.
Ал қазір ше? Тоқшылық заманға тап келдік. Замандастарымыз аста-төкке масайрап, қолда бардың қадірін білмей жатқанда нанның қасиеті туралы айту тіпті қиын. Тамақтың молдығынан болар, қазір адамдар нанның балғынын, қолдан піскен ыстығын талап етеді. Үйдегі кешегі астан қалған жарты нан сәл қатайса болғаны қоқысқа кетіп жатыр. Көнеріп, иістеніп кетсе жөні бір басқа. Бірақ сәл қаттылық болған нанды түрлі әдіспен жұмсартып жеп қоюға да болады. Ондайға «Свежый нан емес пе не?» деп мұрнын шүйіре қарайтындар бар.
Бала кезде «нан бар жерде ән бар», «дәнді шашпа, нанды баспа», «нанның ұнтағын жесең, бай боласың» деген сөз¬дерді естіп өскен буын ас қаді¬рін білсе керек-ті. Дала академигі Ыбырай Жақаев «әлемдегі ең асыл не?» деген сұраққа ойланбастан «нан» деп жауап бе¬ріпті. Сол асыл ас қоқыста үйі¬ліп жатыр.
Дамыған елдердің озық тәжі¬р謬бесін негізге алсақ, Алма¬ния¬да күнделікті 3 мыңнан астам түрлі нан мен тоқаш пісіріліп, сатылады. Елдегі орташа көрсеткіш бойынша бір неміс отбасы жылына 42,4 келі нан тұтынады. Мәселен, Штутгарт қаласында багеттер теңгеге шаққанда – 1 500 теңге. Германиялықтарда ұзақ жылдар бойы наубайшы мамандығы кеңінен өріс алды. Қазіргі таңда неміс наубайшы¬ла¬ры өнімдерін әлеуметтік же¬лі¬¬лер мен көрмелерде жиі жар¬намалап жатады. Сөйтіп, кәсі-би дағдыларын жетілдіріп, көп¬шіліктің қалауындағы өнім¬ді ұсы¬нуға тырысады. Алманиялық¬тар¬дың ас атасына деген сүйіс¬пен¬шілігі жыл сайын артпаса, кеміген емес. Сол себепті бұл елде нан-тоқаш өнімдерінің 3200 түрі бар. Осыған байланысты мемлекеттің қолдауымен «Неміс нан институты» құрылып, тоқсан сайын арнайы бақылау жүргізіліп тұрады. Ал Күншығыс елінде күріш тағамы негізгі өнім болғанымен, кейінгі кездері Батыс иіріміне бет бұрғанын аңғаруға болады. Мәселен, жергілікті тұрғындар дүкен сөрелеріндегі француз ба¬геттері мен америкалық тос¬тер-лерді жиі сатып алады. Осы орайда бір нанның бағасы иенге шаққанда – 610 теңге.
Ендігі бір мәселе – түрлі әлеу¬мет¬тік желілерде нанның зияны туралы жиі айтылып жүр. Сәнді диетологтар оны қант диабеті, семіздік және басқа да аурулардың пайда болуымен байланыстырады. Салдарынан оқырман қауым жаңсақ хабар¬лар¬дың соңынан еріп, тіпті нан өнімінен бас тартып жатады. Нан өнімінде ағзаға қажетті био¬логиялық белсенді қоректік заттардың бәрі бар. Соның ішінде амин қышқылдары, В1, В2, РР витаминдері, калий, фосфор, магний, кальций, темір минералдары иммунитетті көтеруге оң әсерін береді. Сонымен қа¬тар қамырға органикалық қыш¬қылдар, дәрумендер, хош иісті және бактерицидті заттар жиналып, ішек микрофлорасын жақсартады. Патоген мен жұқ¬па¬лы асқазан-ішек ауруларына, дисбактериоз және қант диа¬бе¬ті¬нің алдын алуға ықпал етеді. Бұл – мамандардың пікірі.
Елде болғаны жақсы-ау. Бірақ әр нәрсенің киесі бар. Ас атасын ардақтамай тоқ¬шылықтың мәуесін тарылтып алмайық. Ұрпағымызға нанның бәрінен биік екенін, оны аяқ астында қалдырмау қажеттігін санасына сіңірейік. "Нан бар жерде ән бар" деген сөз бекер айтылмаса керек-ті.

Н. БАҚЫРАН 
24 қыркүйек 2022 ж. 696 0