Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Республика күні: 25 қазан жайлы нені білу қажет?

Республика күні: 25 қазан жайлы нені білу қажет?

Биыл 25 қазанда Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде алғаш рет аталып өтеді.

29 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.

Аталған заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып қабылданды.

Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Бірақ 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен алынып тасталған болатын.

Ал биыл маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деді Президент.

Тоқаев 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады деп атап өтті. Мемлекет басшысы Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтты.

«Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», - деді Тоқаев.

Мемлекеттік егемендік туралы Декларация

Мемлекеттік егемендік туралы Декларация 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен қабылданды. Онда ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді.

Онда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді.

Сондай-ақ, құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды.

Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық.

Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.

Республика күнін тойлау неліктен алынып тасталды?

Көп сарапшының пікірінше Егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР-інің егемендігі жарияланды. Декларацияға сәйкес адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды.

Сонымен қатар ол Қазақстанның халықаралық қатынастардағы дербестігіне кепілдік бере алған жоқ. Мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымен, іс жүзінде оның құрамында болды.

«Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Заң қабылданғаннан кейін ғана Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекеттің заңды рәсімделген мәртебеге ие болды.

Ұлттық мерекенің мемлекетік мерекеден айырмашылығы қандай?

Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады.

Ал Тәуелсіздік күні, Мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.

Қазақстандықтар Республика күніне орай қанша күн демалады?

Премьер-министр Әлихан Смайылов «2022 жылы демалыс күндерін ауыстыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 қазандағы №713 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Үкіметтің 07.10.2022 жылғы №796 қаулысына қол қойды.

Қаулыға сәйкес, демалыс күні 2022 жылғы 22 қазан – сенбіден 2022 жылғы 24 қазан – дүйсенбіге ауыстырылады.

aikyn.kz
15 қазан 2022 ж. 677 0