Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кредит төлемесеңіз, банк жалақыңыздан ұстай ала ма?

Кредит төлемесеңіз, банк жалақыңыздан ұстай ала ма?

Кредит төленбей қалған жағдайда банк қарыз алушының жұмыс орнына, туыстарына хабарласып, одан нәтиже шығара алмаса, қарызды жалақысынан ұстап қалып жатады. Бірақ бұл қаншалықты заңды? Қандай жағдайларда банк жалақыдан ұстап қалуға немесе жалақы картасын бұғаттауға құқылы? Заңгер Гүлмира Батырханқызы осы сұрақтарға жауап берді.

Заңгердің айтуынша, банк борышкердің жалақысынан ұстап қалуға құқылы. Бірақ еш жағдайда әлеуметтік көмек, алимент, балаларға берілетін жәрдемақы сияқты өтемақыларды ұстап қала алмайды.

"Кредит алу алдында міндетті түрде банк пен борышкер арасында келісімшарт жасалады. Онда қарыздың уақтылы кешіктірілмей төлену керегі көрсетіледі. Алайда бірнеше ай бойы несие себепсізден төленбесе немесе кешіктіріле берсе, банк борышкерге қатысты мәліметті коллекторларға береді. Ал коллекторлар ол істі көп ұзатпай сотқа жолдауы мүмкін. Еңбек кодексінің 115-бабына сәйкес сот шешімі шыққан соң ғана банк қарызды жалақыдан ұстай алады. Бірақ банк бұл туралы міндетті түрде жазбаша хабарландыру жолдауы қажет", - деп түсіндірді заңгер.

"Несие тарихы бұзылса, кредит ала алмайды деген сөз емес"

Маманның айтуынша, банк жалақыдан көп болса 50 пайыз ұстап қала алады. Бұл Еңбек кодексінде көрсетілген дейді.

"Банк картасындағы барлық ақшаның көп болса 50 пайызын ғана ұстай алады. Одан көп ақша ұсталған жағдайда клиенттің прокуратураға банктің заңсыз әрекетіне шағымданып, өтініш қалдыруға құқығы бар. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдер, алимент, жәрдемақы сияқты ақшаны ұстап қалуға еш құқығы жоқ. Бұл заңға қайшы", - деп ескертеді заңгер.

Маманның айтуынша, қаржы ұйымы кредит төленбесе, жалақыны ұстап қалудан басқа да шараларды қолдануы мүмкін. Мысалы, үйді немесе көлікті тартып алуы мүмкін.

Ал кей жағдайда, заңгердің айтуынша, клиенттер өздері-ақ жалақысынан белгілі бір соманы ұстап отыруға өтініш жазып, рұқсатын беріп жатады.

massaget.kz
27 қазан 2022 ж. 422 0