Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықаралық әйелдер күнінің шығу тарихы

Халықаралық әйелдер күнінің шығу тарихы

Көктемнің шуақты мерекелерінің бірі 8 наурыз әлемнің бірнеше елінде аталып өтіледі. Бұл мерекені дүбірлетіп атап өтсе де, осы күннің шығу тарихын біреу білсе, біреу білмес. Аталмыш мейрамның шығу тарихы жайында түрлі деректерде кездеседі. Осы жайында сөз сабақтасақ.
Халықаралық әйелдер күннің шығу тарихы сонау 1857 жылдан басталады. Дәл осы жылы8 наурызда Нью-Йоркте тоқыма фабрикаларының жұмысшы әйелдері бас көтеріп, шеруге шыққан еді. Наразылық ақциясын бастаған әйелдер 10 сағаттық жұмыс күнін, жалақыны ерлердің айлығымен теңестіруді талап етіп, өз құқықтары үшін алғаш рет көшеге шығып күрескен еді. Жұмысшы әйелдердің жанайқайынан кейін алғашқы әйелдер кәсіподағы құрылды.
Осы жағыдайдан кейін, жарты ғасыр өткең соң, 1908 жылы ақпанның соңында Нью-Йоркте социал-демократиялық әйелдер ұйымының үндеуімен 15 мыңға тарта әйел митингке шыққан. Олардың басты талабы – еңбек саласында ерлер мен әйелдердің құқығын теңестіру.Яғни, жұмыс күнін қысқартып, әйелдердің жалақысын көтеру, сондай-ақ нәзік жандарға сайлауда дауыс беру құқығын беру еді.
Деректер бойынша, 1909 жылы Американың Социалистік партиясы ұлттық әйелдер күнін жариялайды. Бұл күн 1913 жылға дейін ақпанның әр соңғы жексенбісінде мерекеленді.
Кейінірек, 1910 жылы Копенгагенде екінші Халықаралық социалист әйелдердің конференциясы өтеді. Осы үлкен жиында АҚШ-тан келген делегаттар белгілі коммунист Клара Цеткинмен кездескен еді. Клара Цеткин 27 тамызда өткен конференцияда қоғам назарын әйелдер проблемасына аударып, халықаралық әйелдер күнін бекітуді ұсынады.
Халықаралық әйелдер күні бірнеше жыл бойы әр елде әртүрлі мезгілде аталып өткен еді. Мәселен, 1911 жылы Германия, Австрия, Дания және Швейцарияда 19 наурызда мерекеленсе, 1912 жылы дәл осы елдер мейрамды 12 мамырда тойлаған. Кейінірек, 1914 жылы әйелдер күні 8 наурызда әлемнің бірден 8 елінде АҚШ, Ұлыбритания, Австрия, Дания, Германия, Нидерланды, Ресей мен Швейцарияда мерекеленді.
Біріккен ұлттар ұйымы 1975 жылды – Халықаралық әйелдер жылы деп жариялап, 8 наурызды ресми түрде мереке етіп бекіткен еді.
Бүгінде 8 наурыз Қазақстаннан басқа, ТМД елдерінде көктем мен махаббат мерекесі ретінде аталып өтіледі.
Шұғылалы көктемнің халықаралық әйелдер мерекесінің шығу тарихы осындай оқиғалар ға толы болған.
Әйел адам бойына мейірім, жылулық, махаббат пен ізгілікті дарыта білген дара жандар. Көктеріңізден күн, құшақтарыңыздан гүл, өмірлеріңізден күлкі кетпесін.
А. МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
08 наурыз 2023 ж. 505 0