Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құр мақтанып, болмағын қуыс кеуде

Құр мақтанып, болмағын қуыс кеуде

Сәбидің өмірге келуі барлық адамзат үшін елеулі оқиға. Мұндай қуанышты күнді әрбір отбасы жарқын естеліктермен толтырғысы келетіні анық. Бірақ кейде осындай маңызды сәттерде асыра сілтеушілік жиі болып жатады. Барын баласының қызығына шашуға даяр тұратын қауымның бұл тірлігі бүгінгі күннің басты талабына айналды десек те, мұны құптамайтындар да бар.
Бінеше күн бұрын әлеуметтік желілерде осы мәселеге қатысты жазбалар көптеп тарады. Онда маңғыстаулық дәрігерлер баланы перзентханадан сән-салтанатпен шығарып алуды тыю керектігін айтады. Себебі ұйымдастырылған шоу-концерт, түрлі бейнедегі аниматорлар, қаумалаған адамдар, шулы музыка жаңа босанған ананың көңіл-күйіне, сондай ақ өмір есігін ашқанына бірнеше күн болған сәбидің денсаулығына кері әсер етеді дейді. Бірақ көпшілігіміз бұл нәрселерді біле тұра, аса мән бермейміз. Себебі бәсекелестік алдыңғы орынға шығып тұр. Десек те, бала үшін бәрін жасайтын қоғамда бұл қалыпты құбылыс деуге болады. Қайталанбайтын қуанышты әсерлі етіп өткізудің еш әбестігі жоқ деген Ермек есімді азамат мұны қатардан қалмау, даңғазалық дегенге келіспейді.
– Қазақ қашаннан жиғанын тойда шашатын халық емес пе? Бар кезде шашылғанға не жетсін?! Жуырда ғана келіншегімізбен үш ұлдан кейін қыз сүйіп жатырмыз. Әулетте бұған дейін қыз болмаған. Бәріміздің қуанышымыз қойнымызға сыймай жүр. Себебі көптен күттік. Қызымды осылай ерекше етіп шығарып алуды ол құрсақта жатқанда-ақ ойлайтынмын. Перзентханадан шығар сәтте бәрін өзім ұйымдастырып, келіншегіме де ерекше тосынсый жасадым. Достарымның ішінде «сонша шашылғаның не?» дегендер де болды. Бірақ мұны шығын деп есептемеймін. Себебі отбасымнан ештеңе аямаймын, – дейді төрт баланың әкесі.
Бұған дейін мұндай ерекше құрметті көрмеген Жаннұр жолдасының мұндай қадамдарын ерекше бағалайтынын айтады.
– Күйеуімнен мұндай сый күтпедім. Бәрін маған айтпай өзі ойластырып жүріпті. Әуелде перзентханадан шығуды бұлай жоспарламағанбыз. Алдыңғы балалаларымды босанғанда әдеттегідей отбасымызбен ғана қарсы алған болатын. Сол кездегідей шығарып алады деп күтсем керек, шыққанда таңғалдым. Бірақ маңыздысы бұл емес, бастысы қызымды құшағыма алғаным. Соның өзі мен үшін үлкен мереке, – дейді жаңа босанған ана.
Құп делік. Әркім баласын перзентханадан барына, пайымына қарай шығарып алып жатыр. Бірақ сол дүркіретіп, той қылып келген қалың қара сол перзентханада сәбиін құшып үлгермеген аналардың, анасының уызын ембеген балалардың жатқанынан хабарсыз емес. Осындайда «өз қуанышымызбен біреудің қайғысын арттырып жатқан жоқпыз ба?» деген сауал туындайды. Кешегі дәрігерлердің жұртшылыққа үндеуінің астарында да осы сұрақ жатыр. Бұған құлақ түретін халықтың қарасы көрінбейтінге ұқсайды. Қуаныштың болғаны, оны өзгелермен бөліскен жақсы, десе де көптің аузында жүрген «Қарғаның «қаңқ» дегені өзіне қуаныш» деген даналықты қаперден шығармағанымыз құба-құп болар еді.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ

qazaly.kz
18 сәуір 2023 ж. 309 0