Бала тәрбиесіндегі маңызды 3 кезең
Бала санасы жеміс секілді. Топырағын арнайы таңдап, дәнін егіп, үнемі суарып, жемісін бергенше жақсылап күтім жасасаң, үлкен әдемі ағаш болып өседі. Нәтижесінде ең дәмді, шірігі жоқ, таза жемісін сыйлайды. Ал жеміс беретін уақыты келгенде ғана күтім жасап бастасаңыз, кешіктім дей беріңіз, шірігі бар жеміс жейсіз.
Жүктілік кезең – бала тәрбиесі тұрғысынан маңызды кезеңнің бірі. Себебі баланың мінез-құлқының кейбір тұсы осы кезеңде қалыптаса бастайды. Іште жатқан сәбидің қимылы анасының қуанғанына немесе қайғырғанына қарай өзгереді. Анасы мұңайғанда сәби қимылсыз жатса, анасы қуанғанда жыбырлап қозғала бастайды. Осылайша сәби жатырда жатқан кездің өзінде анасының психологиялық күйіне қарай көңілді, мұңды немесе томаға-тұйық мінезді бойына сіңіреді.
1-кезең. 9 ай жатырдағы кезең
Адам баласының бұл өмірге саяхаты жатырға түскен сәтінен басталады. Себебі ананың психологиялық көңіл-күйі (ұрыс-керіс, қуаныш-қайғы т.б.) қан арқылы балаға өтіп, тікелей әсер етеді. Егер ана ренжісе немесе бір нәрседен қорықса, ішкі бездерден бөлінетін сөл қанға араласады да, артынша балада сондай көңіл күй пайда болады. Анасы шаршағанда, жатырда жатқан баланың қимыл-қозғалысы үдей түссе, баспалдақтан шыққанда немесе темекі тартқанда, іштегі сәбидің де жүрек соғысы жиілей түседі. 5 айлық кезінде жатырдағы баланың есту мүшесі жетіліп, сырттан келген дыбыстарды ажырата бастайды және осы кезеңде балада өмір бойы қолданатын ми жасушаларының жартысынан көбі пайда болады. Ал жүктіліктің 28-аптасынан бастап іштегі баланың қабылдау қабілеті артып, тіпті анасы жеген тәттіні сезіп, қуанады екен. Ең маңызды кезең деп отырған осы жүктілік кезеңінде ананың жеген тағамынан бастап, көңіл-күйі, өмір сүріп жатқан ортасына дейін бәрі баланың мінез-құлқына әсер етеді. Сондықтан көңіл-күйі жақсы, сабырлы, бақытты анадан дені сау ұрпақ дүниеге келеді.
2-кезең. Баланың 0-3 жас аралығы
Баланың миы 3 жасында 80%-ға дейін толық дамиды. Алғашқы жылы бала айлап емес, сағаттап өседі. 1 жылда бойы 2 есе, ал салмағы 3 есе өседі. Сондықтан балаға пайдалы, құнарлы тағамдардан бөлек, баланың қоршаған ортасы да максималды позитивті эмоцияларға, өзгерістерге және ерекшеліктерге толы болуы қажет. Әсіресе, түрлі дыбыстар мен иістер, жаңа түрлі-түсті суреттер балаға ерекше әсер етеді. 3 жасқа дейін баланың миы қатты белсенді болатындықтан, бұл кезең де бала тәрбиесінде маңызы зор. Бұл кезеңде ұсақ қол моторикасын дамытқан жөн. Ол үшін ұсақ (арпа, бидай, күріш, т.б.) заттарды беріп ойнату қажет.
3-кезең. Баланың 5-6 жас аралығы
Бұл кезеңдегі жаста баланың миы толығымен дамиды, яғни ересек адам жасай алатын дүниелерді бірге жасап үйрене алады. Бұл кезеңде баланың ешқандай зорлық-зомбылық көрмей, барынша ешкімнен қорықпай, ата-анасынан үлгі алып өскені дұрыс. Себебі осы кезең баланың миында өмір бойы есте сақталып қалады. Сонымен қатар баланың білімге құштарлығы да осы кезеңде оянады. Сол себепті оның қай салаға қызығушылығы барын білу үшін түрлі секцияларға беріп, жанына жақынын таңдауға көмектесу керек.
kyzylorda-news.kz