Колледж студенттері 1-курстан бастап өз саласы бойынша жұмыс істей алады
Колледж студенттеріне бірінші және екінші курстан бастап дуальды білім бағдарламасымен оқуға рұқсат етіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кәсіпорынның (ұйымның) өтінімі бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы негізгі орта білім беру базасында білім алушылар үшін дуальды оқыту бірінші немесе екінші курстан басталады. Екінші курстан бастап дуальды оқыту ұйымдастырылған жағдайда дуальды оқыту талаптары жұмыс біліктілігі бойынша немесе орта буын мамандарын даярлау кезінде қалған оқу курстарына қолданылады», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Оқу-ағарту министрінің бұйрық-жобасында.
Айта кетейік, қолданыстаға заңнама талабында мұндай норма жоқ.
Ұлттық білім беру базасының деректері бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында негізгі орта білім беру базасында мемлекеттік білім тапсырысы шеңберінде 236 мыңнан астам адам оқиды.
Оның ішінде 50 мыңнан астам адам дуальды оқытумен қамтылды.
Енгізіліп отырған өзгеріс колледждерге дуальды оқытуды бүкіл оқу мерзіміне енгізуге арналмаған. Бірінші кезеңде білікті жұмысшыларды даярлау кезінде, ал орта буын маманын даярлау кезінде оқу процесін әдеттегідей жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бұл ретте студенттердің қалауы бойынша бірінші кезеңнен кейін олар дуальды оқыту туралы шарттарға сәйкес, жұмысқа орналастырылуы мүмкін.
Бұл дегеніміз - колледж студенттеріне сынақ ретінде дуальды біліммен кәсіпорындарда тәжіриебе жинақтауға бірінше немесе екінші курстан рұқсат беріледі деген сөз.
Алайда, ол бүкіл оқу мерізімі бойы жалғаспайды. Яғни, студент колледж қабырғасындағы теориялық оқуынан да қол үзбейді.
Қолданыстағы талап бойынша студенттер дуальды оқыту туралы шартына сәйкес еңбекке араласатын.
Жалпы, дуальды білім беру – бұл колледждегі теориялық білім мен жұмыс орындары арқылы кәсіби тәжірибені ұштастыруға бағытталған жүйе.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, енді колледж студенттері жаңа типтік бағдарлама бойынша оқиды.