Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Жеке куәліктің суретін ешкімге жібермеу керек": Бұл несімен қауіпті?

"Жеке куәліктің суретін ешкімге жібермеу керек": Бұл несімен қауіпті?

Көбінесе әртүрлі нысандағы ақпаратты толтыру үшін жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы рәсімдейді. Алайда осы арқылы кез келген ұйымның жеке ақпаратты оңай алуға мүмкіндігі бар. Қандай жағдайда ЖСН-ді айтуға болмайды, қаншалықты қауіпті? Осы туралы Tengrinews.kz тілшісіне заңгер Данияр Байғабатов айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ЖСН 2013 жылдан бастап берілген әмбебап нөмірлерден (12 Сан) тұрады. Сондай-ақ, ЖСН СТН (Салық төлеушінің тіркеу нөмірі) және ССК (әлеуметтік жеке код) құжаттарын ауыстыра алады. Яғни, осы құжаттардың орнына алып жүруге болады.

Қазіргі таңда ЖСН арқылы барлық ақпарат қолжетімді. Басқа құжаттарыңызды тасып, әуре болмайсыз. Алайда, заңгер Данияр Байғабатовтың айтуынша, жеке ақпарат бұлай көпшілікке қолжетімді болғаны дұрыс емес.

"Біріншіден, ЖСН бойынша кез келген ақпаратты шығаруға болады. ЖСН-негізгі жеке дерек болғандықтан, осы арқылы адамның салық берешегін, тұрғылықты мекенжайын білуге болады. Кейбір жағдайда автокөліктің немесе басқа мүліктің бар-жоғы туралы ақпаратты білуге болады. Сондықтан ЖСН-ді өзге адамдарға таратудың қажеті жоқ", - дейді Байғабатов.

ЖСН ережесіне сәйкес алғашқы алты сан адамның туған күнін, жетінші сан - туған ғасыр мен адамның жынысын, келесі төрт сан — жүйеде тіркеу нөмірін, соңғысы - бақылау цифрын білдіреді. Осылайша, адамның ЖСН арқылы оның туған күні мен жынысын білуге болады.

Данияр Байғабатов киберқауіпсіздіктің қарапайым ережелерін атады.

"Ешқашан жеке куәлігіңіздің фотосуретін немесе көшірмесін ешкімге, әсіресе бейтаныс адамдарға жібермеңіз. Тек уәкілетті адамдарға, қажет болған жағдайда жұмыс берушіге жіберуге болады. Бірақ хабарламаны электрондық поштадан және барлық мессенджерлерден алып тастауды сұраңыз", - деп атап өтті заңгер.
17 тамыз 2023 ж. 374 0