Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Асыл мекен". Бүгіннен бастап жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды

"Асыл мекен". Бүгіннен бастап жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды

Отбасы банк "Асыл мекен" жаңа ипотекалық бағдарламасын ұсынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

1. Бағдарлама кімге арналған?

Барлық қазақстандық үшін жасы 18-ден 70 жасқа дейін (қарыз мерзімі аяқталған кезде)

2. Бағдарлама бойынша тұрғын үйді қайдан сатып алуға болады?

Тұрғын үйді ауылдық елді мекендерден (бұдан әрі АЕМ) сатып алуға болады. АЕМ тізімін Отбасы банкінің Instagram парақшасындағы стористардан таба аласыз.

Бағдарламаның шарттары:

Несиенің ең жоғары сомасы - 10 млн теңге.

Мерзімі 8 жылға дейін.

Несие бойынша мөлшерлеме 5% (ЖТСМ 5.2%-дан 5.8%-ға дейін).

Бірінші жарна қарыз сомасының 10%.

Өтінімді тек онлайн режимінде hcsbk.kz сайтындағы бейне операторлар арқылы алуға болады (storis-ке қалай өтініш беру керектігі туралы толық нұсқаулықты қараңыз). Әр отбасы баспаналы болсын!, - делінген банк хабарламасында.

Бұл бағдарлама арқылы ауылдық жерлерден алуға болады. Қазір тағы қандай тиімді ипотекалық бағдарламалар бар? Шолу жасап көрейік.

"Отау" бағдарламасы

"Отау" бағдарламасының заем шарттары:

- алғашқы жарна - 20% бастап;

- кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,2%-дан 11,8%-ға дейін);

- несие мерзімі - 19 жылға дейін.

Алматыда, Астанада, Шымкентте және облыс орталықтарында тек бастапқы нарықтағы тұрғын үйді, оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты бойынша немесе сақтандыру құралын пайдалана отырып сатып алуға болады. Барлық басқа елді мекендерде кез келген тұрғын үй сатып алуға болады. Бағдарламаға қатысушы Баспана маркет порталында алғашқы нарықтағы тұрғын үйлерді таңдай алады (otbasybank.kz).

Бұл бағдарлама бойынша өтінімдер 2024 жылғы 1 наурыздан 30 сәуірге дейін қабылданды. Оның нәтижелері жарияланып қойды. Дегенмен бағдарлама жыл сайын тұрақты негізде өткізіледі.

"Наурыз" бағдарламасы

Аталмыш бағдарлама сәуір айының соңында іске қосылды. Қатысушыларды дүрліктірмеу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі барынша ұзартылды. Үміткерлердің маусым айының соңына дейін бір жарым ай уақыты бар. Сондай-ақ өтінім беру күні мен уақыты ұпай санағанда ескерілмейтін болады.

Сонымен "Наурыз" бағдарламасының шарттары төмендегідей:

алғашқы жарна - 20%-дан бастап;
тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін);
азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін);
несие мерзімі - 19 жылға дейін.
"Наурыз" бағдарламасы аясында қандай тұрғын үй сатып алуға болады?

- алғашқы нарықтағы тұрғын үй, оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты және сақтандыру құралы бойынша;

- моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде екінші нарықтағы тұрғын үй, жылына бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30%-нан аспайтын көлемде.

Заемның ең жоғарғы мөлшері:

- Алматы мен Астана қалалары үшін - 36 млн теңгеге дейін.

- қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.

Сондай-ақ бір несие аясында сатып алынып жатқан бастапқы баспананы жөндеу жұмыстарына да ақша алуға да болады. Бастысы жөндеуге арналған қарыз сомасы тұрғын үй сатып алуға арналған кредиттің жалпы сомасының 20%-нан аспауға тиіс, бірақ қарыздың ең жоғары сомасы шегінде.

Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін саралау басталады. Бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіретін болады.

Ұпайлар қалай есептеледі?

- салым бойынша сыйақы мөлшері - әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;

- тіркелген некенің болуы - 5 ұпай;

- балалардың болуы - 10 ұпай (балалар санына қарамастан);

- халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы - 10 ұпай;

- 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «Отау» және «Наурыз» ипотекалық тұрғын үй бағдарламаларына 330 млрд теңге бөлінегенін айтты. Бұл қазақстандықтардың баспана алуын айтарлықтай жеңілдетеді.

"Дипломмен ауылға" бағдарламасы арқылы қалай баспана алуға болады

27 мамырдан бастап "Дипломмен ауылға" бағдарламасы басталды. Бұл әрбір қазақстандық үшін аудан орталықтарына немесе ауылдық жерлерге барудың, онда жұмысқа орналасудың және тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін тиімді ипотека алудың бірегей мүмкіндігі.

2024 жылға арналған бағдарламаның шарттары:

• Қарыздың ең жоғары сомасы: 2500 АЕК, бұл 9 230 000 теңгені құрайды.
• ⁠Қарыздың ең ұзақ мерзімі: 15 жыл.
• ⁠Сыйақы мөлшерлемесі: барлығы 0,01% (ЖТСМ 0.01%)

Бағдарламаға жоғары білімі және келесі мамандықтар бойынша дипломы бар кез келген жастағы қазақстандықтар қатыса алады:

• Денсаулық сақтау мамандары
• ⁠Білім беру мамандары
• ⁠Әлеуметтік қамсыздандыру мамандары
• ⁠Мәдениет мамандары
• ⁠Спорт мамандары
• ⁠Агроөнеркәсіптік кешен мамандары

Қалай өтініш беруге болады:

"Дипломмен - ауылға" жобасына қатысу үшін порталға тіркелу қажет otbasybank.kz және ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) көмегімен өтінімге қол қою.

Сурет: astanatv.kz
10 маусым 2024 ж. 348 0