Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады

Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деген болатын.
Иә, мамандық таңдау – адам өміріндегі ең басты шешімдердің бірі. «Жар мен мамандық таңдаудан қателеспеу керек» дегендей, ол өз болашағыңды, өміріңді, тағдырыңды таңдаумен бірдей. Дегенмен бүгінде түлектер таңдауындағы мамандықтардың ішінде тек педагог, дәрігер, заңгер ғана бар дей аламыз. Соңғы жылдары оларға менеджер, бағдарламашы, дизайнер және туризм саласы қосылып келеді. Бірақ бар мамандық саны осы ма? Неге біз жұмысшы мамандықтарына жатсына қараймыз?
Жұмысшы мамандықтaры – экономикaның негізгі тіректерінің бірі. Aуыр және күрделі жұмысты aтқаратын aдамдарсыз елдің өндіріс секторын, инфрaқұрылымын, aуыл шaруашылығын және бaсқа да мaңызды сaлаларын елестету мүмкін емес. Бұл ретте өнеркәсіп, құрылыс, көлік және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда білікті жұмысшылардың жетіспеушілігі айқын байқалады. Осыған байланысты жұмысшы мамандықтары тек экономиканың өсімін қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің әлеуметтік әл-ауқатына да ықпал етеді. Жастардың бұл салаларға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ осы кәсіптерге қажетті дағдыларды қалыптастыру маңызды болмақ.
Қазіргі таңда біз осылай жатырқай қарайтын мамандықтар сұранысқа ие екенін білесіз бе. Мысалы, көпке бармай-ақ елімізде халық санының өсуіне байланысты мектеп, балабақша, үй құрылысы үшін қарапайым құрылысшы мамандығының барлық өкілі қажет. Есік пен терезелерді орнату, іргетас құю немесе жақтауды жинау жұмысында тәжірбиелі жұмысшылар жоғары бағаланады.
Сонымен қатар ағаш ұстасы мамандығын тек құрылыс саласына жатқызуға болмайды. Оның ағаштан жасалған бұйымдары жиһаз цехтарында, ағаш өңдеу зауыттарында және т. б. қажет. Өнеркәсіпте слесарь, станокшы, машинист, токарь сияқты жұмысшы мамандықтары да танымал. Әрі оларды бір мезеттік емес, әрдайым сұранысы жоғары маман ретінде қарастыруға толықтай негіз бар.
Осы ретте аудандағы Арал индустриалды-техникалық колледжінің орны ерекше. Іргетасы 1927 жылы қаланған оқу орны алғашында балық аулау артелі болып құрылған. Сол уақыттан бері заман сұранысына қарай қайық матористерін, матростарын кейін келе ағаш, темір ұсталарын дайындаған еді. Уақыт өте келе токарь, электромонтажшы, слесарь-өңдеуші мамандықтарын оқытқан колледж студенттері қазіргі таңда 7 мамандық, 8 біліктілік бойынша білім алады. Олардың барлығы тігін өндірісі, токарь маманы, дәнекерлеуші, кең бейінді құрылыс жұмысының шебері, автомобиль жөндеу слесарі секілді жұмысшы мамандықтары. Бүгінде оқу орнының 1 курсында 118 студент, 2 курсында 113 студент, ал 3 курста 43 студент оқиды.
Сапалы әрі заманауи жөндеу жұмысынан өткен колледждің құрал-жабдықтары студенттердің техникалық және кәсіптік мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруда. Орта буын жұмысшы мамандарын сапалы бәсекеге қабілетті етіп дайындау мақсатында 2 тігін шеберханасы, электрогазымен дәнекерлеуші, электромонтер, аспаз шеберханалары бар. Сонымен қатар колледжде мамандықты оқытуға арналған арнайы оқу кабинеттері мен зертханалар бар.
Өткен жылы коллледжді 122 түлек бітіріп шықты.Оның ішінде 85-і жұмысқа орналасса, 10 студент жоғарғы оқу орнына түсті. 11 түлек Отан алдындағы борышын өтеп жатыр.
Жұмысшы – адал еңбектің мәртебелі мамандығы. Өкінішке қарай, жастар оны кеш түсініп жатыр. Елімізде су, энергетика, құрылыс мамандары тапшы. Сондықтан оларға мемлекет тарапынан грант саны көбірек бөлініп, әлемнің белгілі 23 университетінің филиалдары ашылып жатыр. Сонымен бірге құрылысшыларға берілетін атақ та мемлекеттік марапат түріне жатқызылмақ.
Сөз соңында «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек» деді Президент. Иә, бастысы қандай маман иесі болса да, өмірден өз кетігін тауып, қалансын демекпіз.
Гүлмарал САҚТАПОВА
21 қыркүйек 2024 ж. 151 0