Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмысшы мамандарға қолдау артады

Жұмысшы мамандарға қолдау артады

Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы ел азаматтарының асыға күтетін жаңалығына айналды. Ел іргесінің бекіп, мемлекеттің экономикалық дамуына серпін беретін бастамалардың баяншысы саналатын биылғы Жолдау да сараланған дүниелер мен нақты шешімге бағытталғанын байқадық.
Соның ішінде еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды екеніне тоқталған Қ.Тоқаев "Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз" деп атап айтты.
Расында бүгінгі қоғамның басты қажеті де осы болып отыр. Осы көріп, біліп келеміз. Жасампаз, жаңа Қазақстанның ажары айшықталып, салтанаты сәулет құру үшін де, табиғаты әсемденіп, тұтынушылардың талабынан шығу жолында да жұмысшы күштің, соның ішінде кәсіби жұмысшы маманның аздығы анық байқалатын. Десе де соңғы жылдары бұл түйткілді мәселенің түйіні тарқалғандай болып көрінетін. Ал Жолдаудағы Мемлекет басшысының бастамасы жастарға үлкен қолдау, жігер берері сөзсіз.
Бүгінде өзім қызмет жасайтын Арал индустриалды-техникалық колледжі аудандағы кәсіби білім беретін екі оқу орнының бірі ретінде ауқымды жұмыс атқарып келеді. Соның ішінде Президент баяндағандай жұмысшы мамандықтары бойынша терең біліп алып, мол тәжірибе жинауға да мүмкіндік мол. Мұнда білім алуға құштар жастардың қатары көбейсе, оқу процесіне қолайлы жағдай да жасалып отыр. Қазірде өз саласының білгірі, білімді маман ретінде өз жұмыстарын жүргізіп, алған білімін кәсіпке айналдырып, халықты қамтамасыз етіп отырған түлектеріміз де жетерлік. Ел халқының жастарын тек біліммен ғана емес, болашағымен байланыстырып отырған жұмысшы мамандар дайындайтын оқу орындарының қарқыны тіпті артарына сенім мол.
Сондай-ақ Қ.Тоқаев "Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді" деп атап өткендей біз де еңбекке құштар жастарды біліммен, тәжірибемен дамытуға барынша еңбек ететін боламыз.
Кенжегүл Байқазақова,
Арал индустриалды-техникалық колледжінің оқытушысы

Фото: baq.kz
03 қыркүйек 2024 ж. 149 0