Сот бала мүддесін ескерді

Сотта анықталғандай, Б. «Ваз-21074» маркалы көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарып, азамат И-дың басқаруындағы «JETOUR X70» маркалы автокөлігіне соғып, жол көлік оқиғасын жасаған. Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, жүргізуші орта дәрежелі алкогольді еліту күйінде болған.
Сондай-ақ, іс құжаттарынан Б-ның он төрт жасқа толмаған баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғаны анықталған.
ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігінің санкциясында, аталған құқық бұзушылық үшін жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы көзделген.
Кодекстің 50-бабының 2-бөлігінің талабына сай, он төрт жасқа толмаған балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге әкiмшiлiк қамаққа алуды қолдануға болмайды.
Сот қаулысымен Б. ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, Кодекстің 50-бабының 2-бөлігінің негізінде, әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазадан босатыла отырып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындалған.
Арал аудандық соты