Түркістан облысында 16 млн теңге қарызы бар жүргізуші ұсталды

Басылым мәліметіне сүйенсек, полицияға республикалық маңызы бар Шымкент – Самара тасжолында іздеуде жүрген Haval көлігінің банк есебіне өтелмеген 16 миллион теңгеден астам қарызы бар екені белгілі болған. Ақпарат бойынша бірден іске кіріскен патрульдік полиция батальонының қызметкері аталмыш көлікті тоқтатады. Кейіннен ер адамның банкке несие бойынша қомақты қарызы бар екені анықталды. Ол кейінгі 9 айдан бері берешегін төлемей жүргендіктен, полицияға сот орындаушысынан қаулы келіп түскен. Көлік Ордабасы ауданындағы арнайы айыптұраққа қойылды. Осы ретте полиция облыс тұрғындарын қандай да бір төленуі тиіс берешегі болса, уақытылы өтеуге шақырды. Сондай-ақ кез келген құқықбұзушылық үшін заң аясында шара қолданылатынын хабарлады.