Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ЖҮЙЕ: Жол-көлік қауіпсіздігінің тетігі

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ЖҮЙЕ: Жол-көлік қауіпсіздігінің тетігі

Қазақстандағы жол-көлік оқиғалары – ең өзекті әлеуметтік мәселенің бірі. Жыл сайын мыңдаған адам жол апатының құрбаны болып, жүздеген отбасы қайғы кешеді. Көлік санының артуы, жол инфрақұрылымының нашарлығы және жүргізушілердің жауапсыздығы мәселені ушықтырып келеді.
Ол туралы Қ.Тоқаев Жолдауында: «Жол апаттары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отыр. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шекті. Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар.
Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе. Осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет.
Жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар. Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі батыл қадам жасауы керек. Депутаттар бұл мәселені назарда ұстауға тиіс» деп айтып өткен еді.
Қауіп пен қатер
Жол апаты — бұл жүргізушілердің, жаяу жүргіншілердің, немесе инфрақұрылымның дұрыс әрекет етпеуінен туындайтын ауыр оқиға. Оның негізгі қаупі – адам өміріне төнетін қауіп пен материалдық шығындар. Жылдамдықты асыру. Жауапсыздық. Жантүршігерлік жол апаттарының басты себебі осылар. Бұған жол­дың сапасыздығын қосыңыз. Қара жол бойындағы қасірет азаймай тұр. Ең өкініштісі – осындай жол-көлік апаты салдарынан бір емес, бірнеше адамның қаза болып, зардап шеккені туралы суыт хабарды күн сайын еститін болдық.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, жол-көлік оқиғасының 70%-дан астамы жүргізушілердің кінәсінен орын алады. Жоғары жылдамдықпен жүру, алкогольдік мас күйде көлік жүргізу және ұялы телефон қолдану – ең жиі кездесетін қателіктер. Мысалы, өткен жылы мас күйінде көлік жүргізу салдарынан 150-ден астам адам қайтыс болған.
Жолдардың сапасы мен инфрақұрылымның нашарлығы да апаттың тағы бір себебі. Елдің кейбір өңірінде жол белгілерінің жоқтығы, жарықтандырудың жеткіліксіздігі және шұңқырлы асфальт қайғылы оқиға санын арттырады. Мәселен, Алматы облысында өткен жылы болған апаттардың 40%-ы дәл осы себепті орын алған.
Ереже сақтамау тек жүргізушілердің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де мәселесі. Жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өту, бағдаршам сигналына мән бермеу секілді әрекеттердің салдарынан жыл сайын жүздеген жаяу жүргінші жарақат алады немесе қаза табады.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, 2023 жылы елде 13 000-нан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл апаттарда 2 500-ден астам адам қайтыс болып, 18 000-ға жуық азамат түрлі дәрежедегі жарақат алған. Әсіресе Алматы, Астана және Шымкент қалалары жол апаттары жиі орын алатын аймақтардың көшбасында тұр.
Ал биыл 22 мыңнан астам жол апаты тіркеліпті, онда 2 мыңға жуық адам қаза тауып, 25 мыңнан астам адам жарақат алған. Жол апаты мен жарақат алғандар көрсеткіштерінің өсуі жол көлік оқиғаларын есепке алу тәсілінің өзгеруімен байланысты. Ол туралы:
Қазіргі таңда денсаулыққа келтірілген зиянға қарамастан, жол апатынан кейін медициналық мекемеге жүгінген барлық адамдар есепке алынады. Жолдағы жағдайды бақылау аясында полиция тарапынан жүйелі шаралар қабылдануда, – деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қ.Сұлтанбаев.
Азапқа слған апат
Жол апатының ең үлкен салдары – адам өлімі. Балалардың немесе еңбекке қабілетті жастағы адамдардың қайтыс болуы отбасылардың өмірін түбегейлі өзгертеді.
– Жол жүру ережесін жаппай бұзудың және жол үстіндегі дөрекіліктің зардабы аса ауыр боп тұр. Жыл сайын мыңдаған адам мен бала көлік апатынан қаза табады. Бұл – солардың жақын-жуықтары үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін қайғылы жағдай. Заң бар жерде, тәртіп бар, – деген еді Президент. Десе де ол заң да, тәртіп те әлі жолға қойыла қоймады.
Еске салсақ, биылғы жылы Қазақстанда бірқатар ауыр жол апаты тіркеліп, жол қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылды. Солардың бірі Қарағанды-Балқаш тасжолында орын алды, мұнда қыста 16 жеңіл көлік пен автобус соқтығысты. Апатқа жол сапасының төмендігі мен ауа райының қолайсыздығы негізгі себеп ретінде аталды. Сонымен қатар, Алматы-Талғар бағытында жолаушылар көлігінің аударылуы да үлкен шығын әкелді.
Еліміздегі өлім-жітім деңгейі де 9%-ға артқаны атап өтілді. Ең өкініштісі, мас жүргізушілердің кінәсінен 480 оқиға орын алса, кейбір жағдайларда жүргізушілер оқиға орнынан қашып кеткен.
Жол-көлік оқиғасының салдары экономикаға да үлкен зиян тигізетіні анық. Сарапшылардың есебі бойынша, олар Қазақстанға жыл сайын 1 триллион теңгеге жуық шығын келтіреді. Ол жарақат алған адамдарды емдеу, көлік құралдарын жөндеу, сондай-ақ сақтандыру төлемдері мен басқа да жанама шығындарды қамтиды.
Шиленістің шешімі
Жол апаттарын азайту үшін Қазақстанда жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру, жол инфрақұрылымын жақсарту, көлік мәдениетін дамыту секілді шараларды қабылдау өте маңызды.
Әсіресе темір тұлпарды тізгіндеген жанға қатаң талап қойып, айыппұл жүйесін күшейту қажет. Бұл әрекет Еуропа елдерінде жақсы нәтиже берген.
Және заманауи жолдарды салу, жарықтандыруды күшейту және қауіпті аймақтарға жол белгілерін орнату маңызды. Мысалы, Норвегияда «ақылды» жол белгілері мен бағдаршамдар апаттардың 50%-ға дейін азаюына әсер еткен көрінеді. Десе де аталған 2 мәселені бір-бірінен ажыратып қараудың да өз қиындығы бар екенін есте сақтау керек.
Себебі ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму Министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, егер бұрындары жол-көлік оқиғасына қаражолдың сапасы себеп болса, бүгінде жылдамдықты асырудың салдары – 30-38%.
«Трассада жоғары жылдамдық салдарынан тежелу мүмкіндігі азайып, басқаруды жоғалту ықтималдығы артады. Бұл әсіресе ауыр зардапқа әкелетін апаттың негізгі себебі. Ал жолдардың нашар жағдайы (шұңқырлар, тегіс емес учаскелер) апатта жанама әсер ететіні белгілі. Оның әсері көбінесе көлік зақымдануына, басқарудың жоғалуына байланысты болады және материалдық шығынға, көліктің істен шығуына алып келеді, бірақ өлім деңгейі салыстырмалы түрде төменірек.
Жылдамдықты асыру жағдайында болған апаттар ауыр жарақат пен өлімге жиі әкеледі, себебі соқтығысудың энергиясы жоғары болады.
Қазақстанда жыл сайын жол-көлік апаттарынан 2 000-нан астам адам қаза табады, бұл көрсеткіштің үлкен бөлігін жылдамдықты асыру себепші. Бұл жылдамдықты шектеу ережелерін сақтау апаттардың алдын алуда аса маңызды екенінің айғағы» дейді сарапшылар.
Қоғамда көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру үшін білім беру және ақпараттық науқандар ұйымдастыру, мектептерде балаларды жол ережелеріне үйрету, медиа арқылы жүргізушілердің тәртібін жақсартуға шақыру ұзақ мерзімді тиімділік береді.
Жан сыздатқан цифрлар
Салыстырмалы түрде айтқанда, Қазақстанның көрсеткіші Еуропа елдерінен өте жоғары. Мысалы, Германияда жылына миллион адамға шаққанда 36 адам жол апатынан көз жұмады, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 100-ден асады. Бұл айырмашылық көлік мәдениетінің деңгейі мен жол ережелерін сақтау мәселелерінде үлкен кемшіліктер бар екенін көрсетеді.
2024 жылы Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны айтарлықтай артқанын айттық. Өткен жылмен салыстырғанда шамамен 90%-ға жоғары. ЖКО-ның негізгі себептері жылдамдықты асыру, мас күйде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу және жол қозғалысы ережелерін елемеу болып табылады. Осы жылы 21 мың мас жүргізуші анықталса, 10 мыңға жуық қарсы жолаққа шығу фактісі тіркелді. Сондай-ақ 25 мыңнан астам жүргізуші басқару құқығынан айырылды.
Қызылорда облысында да жол-көлік оқиғаларының саны айтарлықтай өскен. Жылдың тоғыз айындағы деректерге сәйкес, жол апаттары 39,1%-ға көбейіп, жарақат алғандардың саны 41,6%-ға артқан. Дегенмен, жол апаттарынан қаза болғандар саны 15,6%-ға азайған. Бұл өсімнің басты себебі ретінде жол қозғалысына қатысушылардың ережелерді сақтамауы аталады. Сонымен қатар, облыстағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» магистралі сияқты ірі тасжолдардағы көлік саны апаттың санын көбейтуде.
Облыстық полиция деректері бойынша, республикалық тасжолдарда жылдамдықты шамадан тыс арттыру және жануарлардың жолға шығып кетуі де маңызды фактор. Мысалы, 99 жол апатының себебі жануарлармен байланысты болған, бұл оқиғаларда 2 адам қаза тауып, 14 адам жарақат алды.
Аралдағы ахуал
Көліктерге сұраныстың артуы ауданда да байқалып отыр. Соңғы жылдары өзектілігін жоғалтпаған ЖКО тұрғындар үшін үйреншікті жағдайға айналып бара жатқаны рас. Аудандағы жол-көлік оқиғасы бойынша:
 Арал ауданы бойынша жыл басынан 25 жол көлік оқиғасы орын алған. 39 адам жарақат алған болса, 13 адам қаза тапты. Сонымен бірге аудан тұрғындарына арнайы жол қауіпсіздігі жөнінде «Автобус», «Тасмалдаушы», «Қауіпсіз жол», «Мотоцикл» сынды көптеген іс-шара өткізілді. Көпшілік көкейінде жүрген сауалдарына құқықтық көмек берілді. Атаулы шараның басты мақсаты – жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасы азаматтарының тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуі мен пайдалануының кейбір мәселесі туралы 2020 жылғы 20 мамырдағы Үкіметтің №306 қаулысына сәйкес ішкі істер органдары көрсетілген санаттағы автомобильдерді тіркеу бойынша халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады. Сондай-ақ жүргізушілердің шамадан тыс жұмыс істеуі нәтижесінде көлік тізгіненде ұйықтап кетуі себебінен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жедел профилактикалық шаралар өткізіліп келеді, – дейді Арал Апб-нің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы полиция капитаны Еркебұлан Ғарифуллаұлы.
Аудандағы жол-көлік оқиғаларының басты себебі ретінде малдың жолға шығып кетуі, жүргізушілердің ұйқысыздық жағдайында көлік жүргізуі және жасөспірімдер арасында жол ережелерін сақтамауы сияқты мәселелер аталып отыр. Дегенмен 2023 жылдың 10 айлық есептік көрсеткішімен салыстырғанда ЖКО-сы азайған.
Түйін: Қазақстандағы жол-көлік оқиғалары – көпқырлы және күрделі мәселе. Бұл тек жол ережесін бұзу немесе инфрақұрылымның нашарлығы ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік мәдениет пен тәртіптің көрсеткіші. Жол апаттарының алдын алу үшін барлық тараптардың – мемлекет, қоғам және әрбір азаматтың белсенді араласуы қажет. Осылайша, біз қауіпсіз әрі жайлы жол жүйесін қалыптастыра аламыз.

Гүлмарал САҚТАПОВА
23 қараша 2024 ж. 710 0