Есірткі туралы ертегі
Баяғы бір заманда, асқаралы, биік таудың етегінде Есіркеп есімді елге өсімдік атаулыдан түрлі шипалы дәрі-дәрмек істеумен танылған емші жігіт өмір сүріпті. Есіркеп өзі өскен өлкеде шығатын барлық өсімдіктің тілін біліпті, сондықтан оған олардан түрлі дәрумендер жасау, дәрілер дайындау еш қиындық тудырмаса керек. Есіркептің есімін естіп, сырқатына шипа іздеген талай адам оны он мыңдаған шақырымдардан, тіпті, басқа елдерден де арнайы іздеп келіп, ол дайындаған шөптен ауруынан құлан-таза айығып, алғысын жаудырып, қолындағы барларын беріп кетіп жүріпті.
Күндердің бір күнінде Есіркептің алдына алыс бір аймақтан арып-ашып, ұзақ жолдан әбден шаршаған шал мен қызы келіпті. Атақты емшінің дәрі-дәрмегімен емделу үшін жолға шыққандарына бірнеше жылдың жүзі болса керек, небір суды кешіп, тауды асып, жолдағы ұры-қарыдан қашып, аман-сау жеткендеріне әбден қуанған қария Есіркепке жағдайын былай деп түсіндіріпті:
–Армысыз, емші бала, өзіңді іздеп шыққалы бірнеше жылдың жүзі болды, қасымда, міне, өзің көріп отырғандай қызым бар. Қызымның есімі – Гүлден, зайыбым екеуіміз осы перзентімізді ұзақ аңсап күттік, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ, құдайдан жатсақ-тұрсақ ұрпақ сұрадық, нәтижесінде бізге жаратқан бір баланы бұйырды, бірақ бұның туғаннан тілі жоқ, сөйлемейді, мылқау. Кемпіріме де жалғызының мылқаулығы жанына батып, мына дүниеден жылап кетті. Сенің атыңды естігеннен бар дүние-мүлкімді сатып, жолға шықтым, айналайын, алдыңда отырған қызымның ендігі тағдырын өзіңнің қолыңа тапсырдым,- деді де ақсаақалдың жаны үзіліп кетті.
Есіркеп емшіге әкесі аманаттап кеткен Гүлден өте сұлу қыз екен. Бұған дейін өсімдік атаулының тілін игеріп, елді емдеумен ғана айналысқан Есіркептің жас бойжеткенге сезімі оянып, есі кетіп, оның тілін шығару үшін барын салып, нәтижесінде бір жылға жетер-жетпес уақытта Гүлден сөйлеп кетіпті де екеуі үйленіпті. Өзінің емшілік жолындағы ең үлкен жеңісіне қол жеткізген. Есіркеп Гүлденнің айтқанын орындап, ол не айтса да бетін қайтармапты. Ал Гүлденнің түр-әлпеті қандай сұлу болса, дүние-мүлікке деген құмарлығы өзінің сұлулылығынан да асып түсіпті. Есіркеп үйленгенге дейін өте қарапайым өмір сүрген екен, Гүлденге үйленіп, оған тіл біткеннен кейін әйелі оған зәулім сарайда, үлде мен бүлдеге оранып ғұмыр кешкісі келетінін ашық жеткізіпті, ол үшін күйеуіне өзінің емделушілерінен мол ақы алуын бұйырыпты. Сөйтіп, Есіркеп өзінің өмірінде істемеген нәрсесін істеп, дайындаған дәрі-дәрмектері үшін сырқат жандардан ақы бастапты. Тура патшаның үйіндей сән мен салтанатқа бөленген зәулім сарайға қол жеткізген Гүлденнің көңілі бұнымен көншімепті. Ол енді күйеуіне былай деп тапсырма беріпті:
–Есеке, сен мықты өсімдіктанушысың ғой, ендігі жерде өзіңнің алдыңа шипа іздеп келетін бай-бағлан, патшаларға саған айналып, үзбей келіп тұратындай шөптер ішкізсең, олар келген сайын саған ақысын төлеп тұрса- деп қылымсиды. Әйелінің сұлу жүзіне қараса, есінен адасатын Есіркеп оған да еш ойланбастан келіседі, ол үшін әуелі тау, тас кезіп, адамның тәні тәуелді болып қалатын шөп іздеп кетеді. Жерде өскен қылтанақтың қасиетін жазбай танитын Есіркеп көп ұзамай-ақ марихуана, салвия, кратом сияқты адамды ақыл-есінен аудыратын есірткі шөптерді қапқа салып, сарайына алып келеді де, өзінен шипа іздеген жер бетіндегі ең бай, атақты адамдарға сырқат жазатын өсімдік деп қымбат ақыға беріп, осыған дейін жинаған абыройының нәтижесінде олардың көп ұзамай қайтадан келіп, әлгі «дәрілік шөптерді» сатып алуына ықпал жасайды. Бұл есірткі шөптер Есіркеп пен Гүлденді байлықтың астына қалдырады. Олар кірсе шыққысыз, есігінің алдында жайқалған бағы, арнайы қауызы бар бірнеше зәулім сарайды дүниедегі ең мықты шеберлерге салдырады, алтын мен күміс қап-қап болып қазынада жатады, Гүлденнің бір өзінде жиырмаға жуық қызметші болады. Байлыққа әбден мастанған Гүлден күндіз кемемен теңізде жүзіп серуендейді, түнде әлемнің ең үздік әншілерін шақырып, оларға ән айтқызып, шарап ішеді, тіпті, күйеуі Есіркеппен сөйлесуді қояды, ол жанына жақындаса, жақтырмайтынды шығарады. Сүйгенінен көңілі қалып, жүрегіне мұң ұялаған Есіркептің жаны жалғызсырай бастайды, оңашада көп ойланып, өзінің құдай берген емшілік қасиетін, шөп танитын ерекше өнерін жер бетіне ең жаман, қасіретті, қайғылы есірткілік өсімдіктердің таралуы үшін байқамай, бір әйелдің сөзіне еріп жұмсап жібергеніне қатты өкінеді, бармағын тістейді, бірақ артқа қайырылуға өте кеш еді, сарайдың алдына марихуана, салвия, кратом сұрап, ыңырсып, дірілдеп, қалтырап, сүйретіліп келген емделушілерін көргенде, өзін қоярға жер таппайды. Олардың сұранысы күн сайын артып, қолына қабын алып, тау кезіп бара жатырған Есіркептің артынан аңдып, ол терген шөптерді олар да теруді үйреніп алады, сөйтіп, есірткі өсімдіктер жер бетіне жайылып кетеді. Бұндай қасіретті көзімен көруге шыдай алмаған Есіркеп бұның бәріне кінәлі әйелі Гүлденді иттің етінен жек көріп, бір күні түнде әдетінше сарайында сауық-сайран құрып жатырған оны шақырып алып, оған дүниедегі ең керемет шарап деп у араластырылған сусынды ішкізіп, о дүниеге аттандырады. Гүлден өмірден өткен соң емші Есіркеп босаған сарайлардың барлық бөлмесіне өзінен шипа іздеп келген есірткіге тәуелді сырқаттарды жатқызып, өзі күнұзағына даладан, сайдан, таудың етегінен дәрілік шөптерді қазып әкеліп, оларды қайнатып, булап, сулап науқастарға кешенді түрде ішкізіп, бірсыпырасын құлан-таза қасіретті дерттен емдеп, жазып алады. Есіркептің кезінде патша-әміршілердің дәулетімен салынған сарайы әрі қарай оларды емдейтін ауруханаға айналады. Сөйтіп, емші Есіркеп өзі ауыртқан жандарға өзі қайтадан шипа дарытып, елдің алғысын алады. Есірткіден емдейтін Есіркептің есімі әлемді шарлап, дүниенің түкпір-түкпірінен ауру жандар ағылып келіп, жазылып кетіп жатады. Жұрттан тек алғыс сөз бен бата алған атақты емші ұзақ ғұмыр кешіп, адамдарға шапағатын тигізіп, артынан тек жақсы ат қалдырады.
Жеткерген Әсет Қорғанбайұлы,№76 негізгі мектебінің 9 сынып оқушысы
Аққұлақ ауылы.
Сурет: osken-onir.kz