Шайзада емшінің шарапаты
«Не айтып отырсыңдар?» – деп сұраса:
«Ауруымызды айтып мақтанып отырмыз», – деген екен.
Сол айтпақшы, бүгінде айналамызды ауру кезіп жүр, кіммен тілдесе қалсаңыз да, ауруын айтады. Алайда, әр аурудың өз емі бар. Оны тек білімді дәрігер, білікті емшінің ғана дарыта алатыны аян. Алла Тағала: «Мың дерт, мың бір шипа жараттым» депті. Мәселе, аурудың түпсебебін, медицина тілімен айтсақ, диагнозын таба білуде жатыр.
Қызылордада адам ауруының түпсебебін айна қатесіз айтатын – Айжамал емші, Нартай емші, Ләйла емші секілді бірнеше халық емшілері бар. Олардың бәрі де – ата-баба қасиетін сіңірген аруақты адамдар.
Халық емі мен кәсіби медицинаны ұштастырған Шәйзада Әбуов те – ем-домы ел ішінде мойындалған кісі. Ташкенттен медициналық білім алған нейрохирург дәрігер. Бертін келе ол халықтық емдеу тәсілдерінің түр-түрін меңгерді. Әсіресе, Шәйзада емшінің аты алтын ине салумен алысқа кетті. Қытай елі адамның бүкіл жүйке тамырларындағы ауырсынуды сылып тастап, ағзаға жайлылық әкелетін алтын ине салу тәсілін жетік меңгерген.
2015 жылы Қытайдың Үрімші қаласында алтын ине салушылардың жарысына қатысқан Шәйзада Әбуов «Әлемдегі үздік алтын ине маманы» дейтін атақпен бірге ұйымдастырушылардың алтын белгісін қоса алып, талай қытай емшісіне қапым бар дегізіп кетті. Шындығында, Шәйзаданың адам ағзасындағы ауру нүктені дәл тауып ине салу өнеріне қытайлықтар қызыға қарады. Осы жылы емші Мәскеу қаласында да өз біліктілігін жоғары дәрежеде дәлелдеп шықты. Оның «Кәсіби халық емшілерінің республикалық ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің ең жоғарғы мәртебе иегері» деген атағы да бар.
Шәйзаданың емшілігі алтын ине салумен ғана шектелмейді, ол алдына келген адамның кеселін тамыр ұстап дәл анықтайды. Сонымен бірге білікті сынықшы, бұл қасиет оған аруақты аталарынан дарыған. Әкесі сынықты қолын тигізбей сала білген, тылсым сыр иесі болған. Бүгінде Шәйзада емшіні ауруханалар шақырып, қиын сынықтарды салдыртып жүр.
Қазіргі кезеңдегі көп таралған аурудың бірі – балалардың жамбас сүйегінің дамымай қалуы, қисық бітуі. Шәйзада емші осы ауруларды өз тәсілімен жасаған шөп дәрілер арқылы емдеп шығады.
Емшінің дәрісінен жазылған талай адамның қолымен жазған ризашылықтарымен танысудың сәті түскен еді.
«Біз Шәйзада атаның атын естіп, Алматыдан келдік. Баламыз Әлидің жамбасы дамымай қалған. Емші бізге дәрі жасап берді, 24 күн қабылдадық. Сосын дәрігерлерге көрсетіп едік, «не әдіс жасадыңдар, баланың жамбасы толық қалпына келіпті» деп қуантты. Меруерт Мұстафа. Алматы, Қыдыржанов көшесі, 31 үй тұрғыны».
«Мен – Рахия Бекеева Арал тұрғынымын. Дәрігерлер балам Нұрәлидің жамбас сүйегі дамымаған деп диагноз қойды. Осы кезде Шәйзада профессор туралы естідік. Ата бізге дәрі берді, сол дәрі арқылы балам бүгінде ауруынан айықты».
«Біздің 2020 жылғы баламыз Арафаттың жамбас ұршығы жетілмей қалған. Шәйзада емшінің дәрісі арқылы баламыздың жамбасы толық қалпына келді. Жүнісов Жантөре, Жаңақорған ауданы».
Ақ параққа алғысын ақтарған мұндай хаттар көп. Солардың ішінде Сырдария ауданы С.Сейфуллин ауылынан Нұрсұлу есімді ксінің жазған хаты ерекше назар аудартты.
Ол кісі тамағынан ас та, су да өтпей, өмірден күдер үзгендей халге түскенін айтады. Сол кезде Шәйзада емшінің емі арқылы өмірге қайта еніп, ауруынан жазылғанын жазған. «Әуелі Алла, емшіге мың да бір алғыс», – дейді Нұрсұлу.
Міне, ортамызда қоғамға пайда әкеліп, елдің саулығын сақтауға үлес қосып жатқан осындай жандар бар.
Дүйсенбек АЯШҰЛ
syrboyi.kz