Алдағы демалыс күндері ауа райы қандай болады?
Қазгидромет синоптиктері 18-23 қаңтар аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атлант мұхитынан ығысқан циклон Қазақстан аумағындағы ауа райына ықпал етеді. Сондықтан қар, бұрқасын күтіледі, еліміздің батысы мен оңтүстігінде, ал 20-21 қаңтарда солтүстік өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болжанады. Қазақстан бойынша жел күшейіп, тұман түсіп, көктайғақ болады.
18 қаңтарда Түркістан облысында түнде қатты жауын-шашын күтіледі.
20 қаңтарда Ұлытау, 21 қаңтарда Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, 21-22 қаңтарда Ақмола облысында, 22 қаңтарда Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл және Абай облыстарында қатты қар жауады. 22-23 қаңтарда Шығыс Қазақстан, Алматы және Жетісу облыстарында да қар жауады.
22 қаңтардан бастап күн суытып, түнде температура айтарлықтай төмендейді:
батыста температура 10-20 градус аяз;
солтүстік-батыс пен солтүстікте 20-30 градус аяз;
орталық пен шығыста 25-35 градус аяз;
оңтүстікте 12-25 градус аяз болады;
"Ел тұрғындарын қатты аяз бен суық ауа райына дайын болуға шақырамыз", - деді синоптиктер.
Фото: pexels.com/ru-ru/