Ұлттық мұражайдағы ұлағатты іс

Жақында Ұлттық музейде Жанқожа батыр бабамыздың қылышын музей қорына тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға А.Қожаназаров, А.Назаров, А.Алмат, Б.Әбдіғалиев, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері мен музей қызметкерлері қатысты.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, құрметті профессор, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, жырау Алмас Нұрмаханұлы Жанқожа батыр туралы тарихи деректер мен эпостық жырлардан мысалдар келтіре отырып әңгімелеп берді.
– ҚР Ұлттық мұражайында ұлағатты іс-шараның куәсі болдық. Берік Әбдіғали басқарған музей қорына Жанқожа батыр Нұрмұхаметұлының қылышы табысталды. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ардақ Назаров пен Айдарбек Қожаназаров ұлт мұрасының елге оралуына өз қаражаттарымен мүмкіндік жасап, қосымша айғақты сараптама құжаттарын бірге тапсырды. Тарихи жәдігерге қару-жарақ зерттеуші ғалымдар қызығушылық танытып отыр. Қысқа деректе, «Жанқожа батырға Сауран соғысындағы ерлігі үшін Кенесары ханның берген сыйлығы» – деп, болжам жасалуда, – деді, А.Алмат.
Айта кетейік, тарихи деректерде Жанқожа батыр Арал ауданына қарасты «Ақирек» деген таудың ұлтанындағы «Айқайкөл» деген жерде дүниеге келген. Жанқожа балалық дәуірін 16 жасқа дейін Ақирек тауының ұлтанында өткізеді делінген.
А.ӘДІЛЖАНҰЛЫ