Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кешкі мектептер неге жабылды?

Кешкі мектептер неге жабылды?

Білім беру ұйымдарын аттестаттау нәтижесінде былтыр өңірде 5 кешкі мектеп пен 1 балабақша жабылды. Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова мән-жайды ашып айтты.

– Облыста 8 кешкі мектеп болған. Өткен жылы Жаңақорған және Сырдария аудандарындағы 2 мектептің жабылуына ықпал еттік. Типтік ережеге сәйкес негізі кешкі мектепті контигенті 50-ден асқанда ғана ашуға рұқсат. Ал онда оқыған адамдар саны 20-ға да жетпейтін. Сонымен қатар біліктілік талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Осы себепті облыс әкімінің қаулысымен білім орындары жабылды. Былтыр біз кешкі мектептерді аттестаттау кестесіне енгіздік. Аттестаттау нәтижесі бойынша онда оқитын контигент жүз пайыз тесттен өткен жоқ. Біліктілік талаптарына да сәйкес келмеді. Өз алдына ғимараттары да жоқ. Мектеп директорлары аттестация, ротация сияқты процедуралардан тыс қалған. 2019 жылдан бері орнынан қозғалмаған басшылар бар. Мектептерде ерте жүкті болып қалған немесе құқық бұзған оқушыларды кешкі мектепке ауыстыру үрдісі белең алған. Осындай себептерге байланысты оларды жабуға тура келді, – дейді департамент басшысы.

Жалағаш ауданындағы жеке балабақша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сай келмей, екі рет аттестациядан өте алмаған. Департаменттің ұсынысына сәйкес облыстық білім басқармасы оның да жұмысын тоқтатты.

Өткен жылы 8 мектепте жүргізілген біліктілік талаптарына сәйкестікті тексеру кезінде 7 мектепте құқықбұзушылықтар анықталды. Сонымен қатар профилактикалық бақылау нәтижесінде 2 мектепке нұсқама беріліп, орындалды. Лицензиясыз қызмет атқарған 5 мектепке хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Қорытындысымен 4 мектепке 115 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, 1 мектепке ескерту берілді.

– Былтыр бізге жеке және заңды тұлғалардан 189 өтініш түсті. Оның 19-на жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Өтініштердің басым көпшілігі педагогтерді жұмысқа қабылдау кезінде құқық бұзған мектептерге қатысты. Оның ішінде негізінен бағалау парақтарын дұрыс толтырмаған, үміткерлерден құжат қабылдау мерзімін сақтамаған, – дейді Ғалия Дәулетова.

Биыл «Жайлы мектептер» де тексеріледі. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары лицензияларын қайта рәсімдеуі қажет.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»

Сурет: Нұрболат Нұржаубай
15 ақпан 2025 ж. 161 0