Сәресіде береке бар

Сәресі – жай ғана таңғы ас емес, ол – жүрекке құйылған рухани қуат, денеге берілген нығмет, оразаның алғашқы қадамындағы сауаптың бастауы. Бұл уақытты бекерге өткізбей, тамақтану арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір ету – мұсылман үшін үлкен мәртебе болмақ.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Сәресіде береке бар, оны тастамаңдар» – деп, осы уақыттың қадірін ұғынуға шақырған. Өйткені сәресі – сабырды шыңдайтын, бойға күш сыйлайтын, дұғаға шексіз мүмкіндік беретін ерекше уақыт болып есептеледі.
Бұл уақытта ояну тек тәнді азықтандыру емес, жанды да сергіту. Құпиялы түннің соңғы бөлігі – Алланың құлдарына ең жақын болатын кез. Осы уақытта жасалған дұға қайтарылмайды, бұл уақытта еткен ғибадат жүректі нұрландырады. Адамзат баласы таңмен бірге тіршілікке араласса, мұсылман сәресімен күнін бастайды. Өйткені, бұл уақытта жеген дәм бойға қуат қана емес, сауап та құяды екен. Бір тілім нан, бір жұтым су болса да, ниетпен ішілген сәресі Алланың рақымына бөлейді.
Ғалымдар дәлелдегендей, таңғы уақытта дұрыс тамақтану ағзаның күні бойы қуаттануына көмектеседі. Сәресіде ағзаға ұзақ уақыт қуат беретін, дәруменге бай тағамдарды таңдаған жөн. Атап айтсақ, ақуызға толы тағам, суық судың орнына жылы су, майлы астан гөрі жеңіл әрі нәрлі ас – міне, сәресінің дұрыс өтуінің кепілі болады. Сонымен қатар Алла Елшісі сәресіге құрма жеуді өсиет етіп: «Құрма – сәресіге нендей жақсы» — деген екен.
Сурет: www.pexels.com