Наурыздағы ҰБТ басталды

Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының дерегіне сүйенсек, наурызда ең көп таңдалған бейінді пәндер комбинациясы – «Биология-Химия», яғни талапкерлердің 17,5%-ы медицина, педагогика және ауыл шаруашылығы мамандықтарына түсуді жоспарлаған. Ал 17,1%-ы «Математика-Физика», 10,5%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады, сәйкесінше болашақ инженерлер мен IT-мамандары.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ-дағы тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейінді пәннен 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.
Тестілеу уақыты 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім қажеттігі бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Бұл айдағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматтығы жоқ, бірақ ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
Талапкерлер өтініш беру барысында олар тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайтынын қоса кету керек.
Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: Нұрболат Нұржаубай