Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадір түні қандай амалдар орындау керек?

Қадір түні қандай амалдар орындау керек?

Бүгін мың айдан да қадірлі қасиетті Қадір түні. Қадір түнінде қандай дұғалар мен игі амалдар жасау керек? BAQ.KZ тілшісі пайдалы ақпараттарды ұсынады.

Қадір түні – рухани жаңғыруға, жүректі тазартуға, кешірім тілеуге және сауапты амалдар жасауға берілген ерекше мүмкіндік. Бұл түнді мәнді әрі мағыналы өткізу әрбір мұсылман үшін маңызды.
«Қадір» – араб сөзі. Тілдік мағынасы қадірлі, қасиетті, өлшеммен бекітілген, артық-кемі жоқ, дұрыс деген мағыналарға саяды. Ал шариғи терминдік мағынасына «бір жылда болатын істерді белгілеп, соның жазылуына Алла Тағаланың үкім беретін түні» деп анықтама берілген.
Ғалымдар бұл түннің атауына байланысты бірнеше себеп келтірген:
1) Қадір түні – шәраф, яғни қадірлі, шарапатты, абыройлы түн.
2) Қадір тағдыр мағынасында келеді. Яғни осы түні бір жылда болатын оқиғалар мен болмыстың тағдыры, ризық-несібесі мен ажалы жазылады.
3) Қадір сөзі құрметті, қасиетті деген мағынаға саяды. Қадір түнін ұйықтамай, құлшылықпен өткізген кісі Алла Тағаланың құзырында құрметке бөленеді.
Қадір түнінің ерекшелігі қандай?
Бірінші – Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрімнің түсірілуі. Кітаптың басқа түндерде емес, Қадір түнінде түсірілуінің өзі оның қасиеттілігін айғақтап тұр.
Екінші – ұлық түн. Басқа түндер Қадір түніне сәйкес келмейді. Бірдей бола алмайды да.
Үшінші – құлшылық түні. Қадір түні тұтас бір ғұмырды қамтитын қасиетке ие. Бұл турасында Имам Куртуби: «Аяттағы мың айдан да қайырлы» деген сөз «бүкіл заман» дегенді білдіреді. Өйткені, арабтар шексіздікті білдіру үшін «мың» деген сөзді қолданады», - дейді.
Қадір түніндегі ғибадаттың сауабы сексен үш жылға тең келетіні жайлы ғұлама Жазайири:
«Қадір түні – сөзсіз ең жақсы түн! Алла Тағала оны берекелі етті. Ол түні Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ, осы түнді құлшылықпен өткізген адамға сексен үш жыл ғибадат еткеннің сауабы жазылады», - деп баяндайды.
Төртінші – бұл түнде шайтандар болмайды. Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде бұл түні күн шыққанға дейін шайтандар болмайтынын айтқан. Ибн Аббастың:
«Бұл түні жындарды кісендеп, үлкен жындарды қамап тастайды» деген сөзі бар. Ал Мужаһит: «Бұл – амандық, есендік, тыныштық түні. Бұл түні шайтандар адамдарға тыныштық береді. Олар адамдарға жақындамайды, азғырып, тура жолдан тайдыра алмайды», - деген.
Бесінші – періштелердің бәрі, Жәбрейілдің өзі Алла Тағаланың қалауы бойынша жерге түсіріледі. «Қадір» сүресінің 4-аятында:
«Ол кезде Раббыларының қалауымен Оның әрбір әмірі үшін періштелер мен Рұх (Жәбрейіл) түседі» делінген.
Алтыншы – бұл түнде амандық, тыныштық салтанат құрады. Әсіресе, иманды адамдар жамандық атаулыдан аулақ болады.
Жетінші – бұл түн береке кеші. Алла Тағала «Духан» сүресінің 3-аятында:
«Біз Құран Кәрімді мүбәрак болған түнде түсірдік» дейді.
Сегізінші – күнәлар кешіріледі. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім де кім осы түнде Аллаға иман келтіріп, сауабынан үміттеніп, құлшылықы ететін болса, Алла Тағала оның бұрынғы істеген барлық кінәларын, кемшіліктерін, қателіктерін кешіреді» (9), - деген.
Тоғызыншы – бір жылдық тағдыр жазылады. Кімде кім бұл түннің мол сауабынан құр қалатын болса, ол барлық жақсылықтан ада қалды деп есептелінеді. Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
«Сендерге Рамазан айы келді. Ол – мүбәрак ай. Алла Тағала сендерге оразаны парыз етті. Рамазанда жаннаттың есіктері ашылады. Тозақтың есіктері жабылады. Шайтанды Алла кісендеп тастайды. Рамазанда бір түн бар. Ол мың айдан артық. Кім одан құр қалса, барлық жақсылықтан құр қалады» (10), - деген.
Қадір түні оқылатын дұғалар қандай?
Қадір түні ерекше құлшылық пен кешірім сұрайтын уақыт болғандықтан, мұсылмандар бұл түні көп дұға жасауы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Айша анамызға Қадір түні оқуға кеңес берген арнайы дұға бар:
Кешірім сұрау дұғасы: “Аллаһумма иннәкә афуун, тухиббул-афуа фағфу анни.” (Мағынасы: «Уа, Алла! Сен өте кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!») Бұл ең маңызды және жиі оқылатын дұға.
Жалпы кешірім мен мейірім тілеу: “Раббәнә әтина фид-дүнйа хасәнәтә, уә фил-ахирәти хасәнәтә, уә қина азабән-нәр.” (Мағынасы: «Раббым! Бізге бұл дүниеде жақсылық, ақыретте жақсылық бере гөр және тозақ азабынан сақтай гөр!»)
Тәубе және истиғфар: “Астағфируллаһа рабби мин күлли зәнбин уә әтубу илайһ.” (Мағынасы: «Раббым! Барлық күнәларым үшін Сенен кешірім сұраймын және Саған тәубе етемін»)
Құранда келген ең маңызды дұғалардың бірі: “Радиту биллаһи рабба, уә бил-исләми дина, уә би Мұхаммәдин (с.а.у.) набийя.” (Мағынасы: «Мен Алланы Раббым ретінде, Исламды дінім ретінде, Мұхаммедті (с.а.у.) пайғамбарым ретінде разылық еттім»)
Денсаулық пен амандық тілеу: “Аллаһумма әфини фи бәдани, Аллаһумма әфини фи самъи, Аллаһумма әфини фи басари, лә иләһә иллә әнтә.” (Мағынасы: «Уа, Алла! Менің денсаулығымды, есту қабілетімді және көру қабілетімді сақтай гөр! Сенен басқа құдай жоқ!»).
Қадір түні не істеу керек?
1. Нәпіл намаз оқу: Қадір түнінде көп намаз оқып, Алладан жарылқау тілеу – ең маңызды амалдардың бірі. Тахажуд, тасбих намазы сияқты нәпіл намаздарды оқуға болады. Сондай-ақ, құлшылықта ықыласты болып, шын жүректен Аллаға жалбарыну қажет.
2. Құран оқу: Бұл түні Құран түскендіктен, оны оқып, мағынасын түсінуге тырысу маңызды. Қадір сүресін, Ясин сүресін, Бақара сүресінің алғашқы және соңғы аяттарын оқу сауапты іс болып табылады.
3. Дұға жасау: Қадір түнінде тілек қабыл болатын уақыттар көп. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Айша анамызға осы түні мына дұғаны айтуды үйреткен: «Аллаһумма иннәкә афуун, тухиббул-афуа фағфу анни». Мағынасы: «Уа, Алла! Сен өте кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!»
4. Тәубе ету және истиғфар айту: Қадір түні күнәлардың кешірілетін уақыты болғандықтан, өткен қателіктер үшін тәубе етіп, истиғфар айту қажет. «Астағфируллах» деп көп айту – жүректі тазартудың бір жолы.
5. Садақа беру және жақсылық жасау: Бұл түні қайырымдылық жасау да сауапты істердің бірі. Мұқтаж жандарға көмектесу, жетім-жесірлерге, жағдайы төмен адамдарға қол ұшын созу Қадір түнінің берекесін арттырады.
6. Туған-туыстармен қарым-қатынасты нығайту: Қадір түні адамдармен қарым-қатынасты түзетуге, ренжіскен жандармен татуласуға жақсы мүмкіндік. Жақындарыңызға жылы сөз айтып, олармен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысыңыз.
7. Ораза мен сәресін берекелі өткізу: Рамазанның соңғы он күнінде ораза ұстау Қадір түнін толықтай берекелі етудің бір жолы. Сәресіде ниет етіп, Рамазанның қадірін біліп, таң намазына дайындалу қажет.
Қадір түні міндетті түрде ұйықтамау керек пе?
Қадір түні мүмкіндігінше ұйықтамаған дұрыс. Мақсат – тек ұйықтамай, ояу жүру емес, дұрысы дұға-тілек жасап, ренжіткен адамдарды кешіріп, намаз оқып, садақа беру, ізгілікке ұмтылу.
Қадір түні қай уақытта басталып, қай уақытқа дейін жалғасады?
Қадір кеші күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап, таң ататын уақытқа дейін жалғасады.

Фото: baq.kz
26 наурыз 2025 ж. 266 0