Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадір түнінің қасиеті

Қадір түнінің қасиеті

Қадір түні араб тілінен аударғанда – ләйләтул-қадір – қасиетті түн деген мағынаны білдіреді. Бұл түн Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Осынау түн жайлы Құран Кәрімнің «Қадір сүресінде» баяндалған. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.«Қадір» сөзінің мағынасыҚұран Кәрімге түсініктеме жазған мәшһүр ғалым Ибн Кәсир «Қадір» сөзінің төмендегідей үш мағынасы бар екенін айтып өтеді:
«Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Осыған байланысты қадір түні дегенде Алланың тағдырды үкім ететін түні екендігін білуге болады. Бұл жердегі тағдыр ұғымы, әуелгі тағдырдың паш етілуі болатын. Өйткені Құран Кәрімде:«Ол кеште барлық хикметті істер айырылады», – деп бұйырылған.
Қатада: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – деді («Тафсир әт-Табари» 25/65).
«Қадір» сөзі «абырой, бедел» мағынасын береді. Яғни, Қадір түні – ұлық және аса қадірлі түн дегенді білдіреді. Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Бұл хақында Құранда:«Қадір түні мың айдан да қайырлы», – деп баяндалады.
«Қадір» сөзі «сығылысу» мағынасын береді. Осыған байланысты зерттеуші ғалымдар қадір сөзі тарылу мағынасын да білдіреді деген жорамалдар жасаған. Өйткені бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен соң, жердің тарлығынан сығылысады. Бұл жайлы Құранда:«Періштелер және Жәбірәйіл (ғ.с.) осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі», – деп баяндалады. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, «сығылысудағы» мақсат «үлкен қайырлы істердің жүзеге асуы және Пайғамбарымызға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Хира үңгірінде Жәбірәйіл алғашқы уахи түсіргенде, ардақты Пайғамбарымыздың жаны сығылғандығы белгілі. Негізінде, Қадір сөзі осы үш мағынаны да қамтиды.

Н. КЕҢЕСХАНОВ,
Арал аудандық орталық мешітінің найб имамы
17 сәуір 2023 ж. 283 0