Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қадір түні қандай түн?

Қадір түні қандай түн?

Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Демек, қадір түні – Алланың тағдырды үкім ететін түні.

Құранда: «Ол кеште барлық хикметті істер айырылады», – деген («Духан» сүресі, 4-аят). Қатада: «Бұл түнде келесі жылғы істердің тағдыры жазылады», – дейді. «Қадір» сөзінің тағы бір мағынасы «абырой, бедел». Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түннің қадір-қасиеті мың айдан да қайырлы. «Қадір түні мың айдан да артық», – деп «Қадір» сүресінде баяндалады. Рамазан келгенде, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!» – деп жеткізген.

Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің көптеген хадистерінде Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күндігінде және сол он күндіктің тақ түндерінен іздеу керек деген.

Яғни Қадір түні Рамазан айының 21, 23, 25, 27, 29 күндері болуы әбден мүмкін. Тақ түндерге байланысты сахаба Абдулла ибн Омардан (Алла оған разы болсын) бірнеше жолмен жеткен сахих хадисінде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнін Рамазанның 27-түні іздеңдер», деген (Бұхари, Мүслим). Осы сынды хадистерге сүйенген көптеген ғалымдар, әсіресе Орта Азия мұсылман жұрты осы түні Қадір түні болуы әбден мүмкін деген болжам жасаған. Алайда, Қадір түнінің нақты қай түн екендігі тек бір Аллаға ғана аян. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы онкүндігінде құлшылыққа ерекше беріліп, иғтикафқа кіретін еді деген. Иғтикаф – құлшылық мақсатымен мешітте оқшаулану. Айша анамыздың (Алла оған разы болсын) сөздерін ескерсек, Рамазан айының соңғы он күнінде, әсіресе тақ түндерінде құлшылыққа ерекше ден қойған жөн. Сонда соңғы онкүндіктің ішіндегі тақ түндерінің біріне сәйкес келу ықтималдығы жоғары болады.

Ал биыл Қадір түні 17 сәуірден 18 сәуірге қараған түнге белгіленді.

egemen.kz
11 сәуір 2023 ж. 627 0