Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мың айдан да қайырлы мезет

Мың айдан да қайырлы мезет

Айлардың сұлтаны Рамазан айында келетін қасиетті Қадір түні жайында мұсылман қауымға көптеген дүние таныс. Бұл түн аты айтып тұрғандай, аса қадірлі түн. Өйткені араб тіліндегі сөзі «қадірлі түн, құдіретті түн, маңызды түн» деген мағыналарды білдіреді. Бұл түн басқа түндерден орны ерекше болатындығы да сондықтан болса керек. Өзге түндерде жасалған ғибадаттар оған жете алмайды. Бұл түнде адам баласының тағдыры белгіленіп, келесі Қадір түніне дейінгі болатын маңызды оқиғалар Алла тағала тарапынан періштелеріне аян ретінде беріледі.
Бұл түні періштелердің жер бетіне түсуі Қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. Хадисте: «Қадір түні Рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады» деген. Осыны ескерсек, биылғы Қадір түні мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келіп отыр.
Періштелер мұсылман үмбетін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн.
Рамазан айы келгенде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы Қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады», – деп барша мүмин мұсылмандарды жақсылыққа ұмтылуға шақырған. Құлшылық етіп, сауапқа кенелуге ең ұтымды уақыт – Қадір түні десек, ал ең қорқынышты түн – адамның қабірде болатын түні екен. Қадір түнін құлшылықпен өткізу қабірдің жап-жарық болып нұрлануына жол ашады.
Хақ тағаланың бір түндік ғибадатты мың айдан да қайырлы етуі, Алла тағаланың мұсылман үмбетіне деген ерекше мейірімі мен рақымдылығының белгісі болса керек. Өйткені мың ай шамамен біздің есебімізше 84 жылдай уақыт аралығын қамтитын болса, яғни мұсылман қауымның осы бір Қадір түнінде шынайы ниетімен жасаған құлшылығы сол сексен төрт жыл жасаған құлшылықпен тең болады.
Қадір түнін қарсы алу, құлшылықпен күту – мұсылман қауым үшін үлкен қайырлы іс. Дегенмен биылғы Қадір түнінің өз ерекшелігі болып отыр. Елдегі қауіпті індеттің әлі де болса сейілмей тұрғанына байланысты, Қадір түнін үйде қарсы алуға тура келеді. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үндеу жариялады. Үндеуден үзінді келтірсек: «Биылғы Рамазан айының Қадір кеші мамыр айының19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келіп отыр. 19 мамырда мешіт таңғы сағат 07.00 мен 20.00 аралығында жұмыс істейтін болады. Осы ретте баршаңызды Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізу қажеттігін қаперлеріңізге саламыз. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабыладанған шешім. Осы үндеуге түсіністік танытып, карантин талаптарын сақтайсыздар деген сенімдеміз». Сонымен бірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы кеште Құран хатым дұғасын, уағыз-насихат пен пайдалы дәрістерді онлайн режимде өткізуді жоспарлап отыр. Осы ретте аудан тұрғындары үндеуге құлақ асып, өз игілігіміз үшін үйде болуға шақырамын.
Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына нанып, Алладан сауабын күтіп, құлшылық қылса, жасаған күнәлары ғафу етіледі» дейді.
Иә, мұндай мүмкіндік һәм мұндай мың айдан да қайырлы мезет – мұсылман үмбетінің пешенесіне ғана жазылған шексіз тарту. Біз бұл фәни жалғанға тұрақтау үшін келмегеніміз анық қой. Олай болса, қамшының сабындай қысқа ғұмырда мың айдан да қасиетті Қадір түнінің мүмкіндігінен мақұрым қалмай, таң білінген шаққа дейінгі жан тебіренісіміз бен ақ адал тілегімізді Хаққа құлшылық қылып білдірейік. Алла тағала Рамазаннан Рамазанға аман-есен жетіп, әрдайым қасиетті Қадір түнін төрт ел аман, жұрт тынышта қарсы алуды жазсын!
Мәжит Әбіштегі,
Жақсықылыш кенті мешітінің имамы
21 мамыр 2020 ж. 1 189 0