Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадір түні мың айдан да артық

Қадір түні мың айдан да артық

Рамазан – дүние жүзіндегі мұсылмандар ұстанатын күнтізбедегі 12 айдың тоғызыншысы. Бұл жылдың ең құрметті де маңызды айы деп айта аламыз.Рамазан айында ораза ұстау – Исламның бес парызының бірі, шариғаттың негізгі парыздары.
Ең алдымен, Рамазан айы ас пен дүние ләззаттарынан бас тарту ғана емес, рухани тазарып, иманын нығайтатын маңызды кезең екенін есте ұстаған жөн. Сонымен қатар құлшылық айында сауапты амалдар жасау маңызды.
Қадір түні – оразаның ең маңызды уақыты, оның шарықтау шегі және адам жанының бүкіл болмысы айқындалатын өзіндік нәтижесі. "Қадір" сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Демек, Қадір түні – Алланың тағдырды үкім ететін түні. «Қадір» сөзінің тағы бір мағынасы «абырой, бедел». Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түннің қадір-қасиеті мың айдан да қайырлы. «Қадір түні мың айдан да артық», – деп «Қадір» сүресінде баяндалады. Рамазан келгенде, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!» – деп жеткізген. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің көптеген хадистерінде Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күндігінде және сол он күндіктің тақ түндерінен іздеу керек деген. Яғни Қадір түні Рамазан айының 21, 23, 25, 27, 29 күндері болуы әбден мүмкін. Алайда, Қадір түнінің нақты қай түн екендігі тек бір Аллаға ғана аян. Айша анамыздың (Алла оған разы болсын) сөздерін ескерсек, Рамазан айының соңғы он күнінде, әсіресе тақ түндерінде құлшылыққа ерекше ден қойған жөн. Сонда соңғы онкүндіктің ішіндегі тақ түндерінің біріне сәйкес келу ықтималдығы жоғары болады.
Бұл түнді ояу және құлшылықпен өткізу әдетке айналған. Аңыз бойынша, дәл осы түні Рамазан айының 26-нан 27-не қараған түні Алла тағала Мұхаммед пайғамбарға Құранның алғашқы жолдарын айқын еткен. Ал биыл сәуірдің 17-нен 18-іне қараған түні – Қадір түні,оразаның соңында үш күнге созылатын Ораза айты келеді.
Ораза ұстаған адам аштық халінде өзінің әлсіздігін сезінумен бірге, тоқтықта қадірін біле бермейтін қара су мен бір үзім нанның соншалықты құнды екендігін сезінеді. Адамның ең ауыр дерті ішкі жан дүниесінің бұзылуы болғандықтан, осы рухани дерттердің емшісі ораза екендігін ораза ұстаған пенде жақсы біледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өсиетінде: «Шынайы мұсылман тілінен де, қолынан да өзгеге зиян келтірмейтін адам» деп айтқандай, ораза бізге берілген үлкен мүмкіндік.Алла тағала оразамызды қабыл етіп, Құран мен сүннетке сай қайырлы іс қылуды нәсіп етсін!
К. МАХСҰТ 
15 сәуір 2023 ж. 555 0