Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Көлік пе, пәтер ме?" – қазақстандықтар кредитке не алуға құмар?

"Көлік пе, пәтер ме?" – қазақстандықтар кредитке не алуға құмар?

Еліміздің несиелеу нарығында өзгерістер болып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Бірінші бюро деректеріне сілтеме жасап.

Жеке тұлғаларға берілген несиенің жалпы көлемі қаңтармен салыстырғанда 1,7%-ға өсті. Бұл айтарлықтай қарқын болмаса да, нарықтың тұрақты дамуын аңғартады.
Автонесие қайта артты
Қаңтардағы құлдыраудан кейін ақпанда бұл сегмент айтарлықтай жанданды: автонесиелердің көлемі 36,1%-ға өсіп, 165 млрд теңгеге жетті. Бұл – тек бір айдағы өсім. Жылдық көрсеткіш те көңіл қуантады: өсім – 28,8%.
Тағы бір ерекше жайт – автонесие көлемі алғаш рет ипотеканы басып озды. Соңғы 11 айда мұндай жағдай тіркелмеген. Ақпанда автонесиелер көлемі ипотекалық несиеден 12,3 млрд теңгеге артық болды.
Ал ипотекалық несие қатарынан екінші ай төмендеді. Бірақ төмендеу көлемі мардымсыз – бар-жоғы 0,2%, яғни жалпы көлем 152,8 млрд теңгеге жетті. Бұл маусымдық құбылыс болуы мүмкін: жыл басындағы белсенділік әдетте бәсеңдеу күйде өтеді. Соған қарамастан, ипотекалық несиелер бойынша жалпы қарыз 6,7 трлн теңгеге жуықтады. Бұл сома 634 мың келісімшарт пен 606 мың қарыз алушыға тиесілі.
Кепілсіз тұтынушылық несиелер бағыты ақпанда кері кетіп, 4,1%-ға қысқарды. Жалпы көлем – 838,5 млрд теңге. Қарыз алушылардың саны да азайып, қаңтармен салыстырғанда 14,6%-ға төмендеді, ал рәсімделген несиелердің саны 21,2%-ға кеміген. Бұл халық тарапынан тұтынушылық белсенділіктің төмендегенін көрсетеді.
Кәсіпорындарға келсек…
Ақпанда заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге берілген несиелер көлемі 1,7 трлн теңгеге жуықтады, бұл – өткен аймен салыстырғанда 47,3%-ға артық. Алайда бұл жерде қаңтар айындағы төмен база әсер еткенін ескеру керек. Жылдық өсім – 10,6%.
Несиелердің 92%-ы заңды тұлғаларға тиесілі. Олар 1,5 трлн теңге қарыз алған. Бұл айдан айға – 49,3%, жылдық есептеуде – 12,7% өсім көрсетіп отыр.
Жеке кәсіпкерлердің үлесі – 8%. Оларға берілген сома – 132,2 млрд теңге. Айлық өсім – 28%, бірақ жылдық есептеуде керісінше – 8,4%-ға төмендеу тіркелген.

Фото: Нұрболат Нұржаубай
28 наурыз 2025 ж. 97 0