Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2025 жылы қай мамандыққа грант көп бөлінеді

2025 жылы қай мамандыққа грант көп бөлінеді

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025 жылы қандай мамандықтарға грант басымдықпен бөлінетінін мәлімдеді. Осы тақырып аясында BAQ.KZ тілшісі ведомствоға ресми сауал жолдап, жауап алды.

Кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ел экономикасының салаларына қажетті кадрларға қатысты орта мерзімді болжамы негізінде қалыптастырылады.

Министрлік мәліметінше, Еңбек министрлігі сұранысқа ие және тапшылық байқалатын мамандықтар бойынша талдау жүргізіп, ел мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін ескере отырып, еңбек ресурстарына деген сұранысты бағалайды.

Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарлама көрсеткіштері, салалардағы экономикалық үрдістер мен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары да ескеріледі.

2025 жылы мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына, педагогикалық және жаратылыстану ғылымдарына ерекше басымдық берілмек. Жаңа үлестірімге сәйкес, техникалық мамандықтарға бөлінетін грант үлесі 60 пайызға дейін артпақ. Ал гуманитарлық сала – 28%, медицина– 8%, шығармашылық мамандықтар – 4% деңгейінде қалады, - делінген министрліктің берген жауабында.

Фото: Нұрболат Нұржаубай
07 сәуір 2025 ж. 36 0