Отбасы банк маңызды өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді
Kyzylorda-news.kz Отбасы банк жылжымайтын мүлікте үлесі бар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жеңілдетілген ипотека рәсімдеуге және жалдамалы тұрғын үй алуға өтініш беруге рұқсат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. “Отбасы Банк” мәліметінше, өзгеріс биылғы жылдың ақпан айынан бастап күшіне енбек.
Бұған дейін егер кезекте тұрған адамның жылжымайтын мүлікте тіпті кішкентай ғана үлесі болса, ол жеңілдетілген ипотека да, мемлекеттік тұрғын үй де ала алмайтын. Себебі талапқа сәйкес, үміткердің соңғы бес жыл ішінде жеке меншігінде тұрғын үйі болмауы тиіс еді. Мәселен, адамның өз баспанасы болмай, бірақ ата-анасының пәтерінде өте аз ғана үлесі болса мемлекеттік көмекті қолдана алмайтын.
“Енді адамның тұрғын үйде үлесі болса, бірақ ол кезекте тұрса, мемлекеттік қолдауға ие бола алады. Яғни, жеңілдетілген ипотека немесе жалдамалы тұрғын үй алу мүмкіндігі бар. Бұл мәселе заң жүзінде толық реттелмеген еді. Бірақ Отбасы банк азаматтардың жағдайын түсініп, көптеген өтініштерді ескере отырып, үлестік меншігі бар кезекте тұрғандарды есепке алу туралы шешім қабылдады”, – делінген банк хабарласында.
Фото: Отбасы банк










