Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандықтарға 6%-тік ипотека беріледі

Қазақстандықтарға 6%-тік ипотека беріледі

Алғашқы екі жылда жылдық несие мөлшерлемесі 6%-ке тең, одан кейін ол бес процентке дейін төмендейді
Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 1 шілдеден бастап жас отбасыларға 6%-тік ипотека беретін жаңа бағдарламаны іске қосты, деп хабарлайды sputniknews.kz ТҮҚЖБ-ға сілтеме жасап.
Жаңа бағдарлама бойынша жас отбасыларға арзан ипотекамен баспана сатып алуға мүмкіндік беріледі. Алғашқы екі жылда жылдық несие мөлшерлемесі 6%-ке тең, одан кейін ол 5%-ке дейін төмендейді. Ипотека 6 жылдан 9 жылға дейін беріледі.
Бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың біреуі немесе екеуі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде «Жас отбасы» депозитін ашып, бір жыл ішінде болашақта сатып алатын пәтер бағасының 50%-ін жинап, бағалау көрсеткішінің 5-ші деңгейіне жетуі керек.
Депозитті ашар кезде, ерлі-зайыптының некеге тұрған мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс.
Ақша жинау кезінде депозитке жылдық 2% көлемінде банк сыйақысы мен 20% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекет сыйақысы (200 АЕК-тен аспайтын сомаға есептелінеді) түседі.
Ерлі-зайыптылар әркім өз атына жеке-жеке депозит ашып, кейін шоттарды «Отбасылық пакетке» біріктіріп, мемлекеттен екі еселенген сыйақы ала алады.
«Жас отбасы» бағдарламасының тағы бір артықшылығы – ерлі-зайыптының жасы мен отбасындағы балалар санына шектеу жоқ.
Бағдарлама шартына сәйкес, жас отбасы пәтерді жаңа және қолданыстағы тұрғын үйлерден сатып ала алады. Не болмаса, жер телімін алып, үй салуына болады.
ТҮҚЖ ақпаратынша, «Жас отбасы» бағдарламасы республиканың барлық аймағында тұрақты түрде жүзеге асырылады.
01 шілде 2020 ж. 664 0