Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұлу Сырдың сәулеті сүйсінтеді

Сұлу Сырдың сәулеті сүйсінтеді

Исі қазақ қаймағы бұзылмаған Қызылорда облысын «Сыр елі – жыр елі» деп бекер атамаған. Таяуда ғана дәстүрге айналып, ұлтты ұйыстырған Құрылтай осы аймақта ұйымдастырылып, мәртебелі меймандар сұлу Сырдың сәулетіне сүйсінді. Жәй сүйсініп қана қойған жоқ, құрылысы қарқын алған қаланың кісі қызығарлық келбетін аралап, өздерін құдды бір айтулы шаһарда жүргендей сезініп,жүйелі жұмыстың жемісін аңғарды.
Тарқатып айтар болсақ, Қызылорда облысы заман талабына сай өркен жайған. Өткен жылы аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға артып, санаулы жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылған.Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, ел игілігіне жараған.
Алқалы басқосуда осы және өзге де жетістіктерді жиналғандар алдында баяндаған Мемлекет басшысы Сыр елінде стратегиялық маңызға ие серпінді істер тындырылғанына тоқталып, жергілікті халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланғанын зор мақтанышпен жеткізді. Бұдан бөлек, Президент Қызылорда облысында әлеуметтік сала бойынша жағымды жаңалықтар жетіп-артылатынын алға тартып, үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынып, 40 медициналық орталық көптің игілігіне жарағанын айтты.
Иә, Арқа төсіндегі ару астанамен қатарласа сәулеттенген Сырдың бас қаласында көз тоймас құрылыстар көптеп салынуы мемлекеттің оң саясатының нәтижесі екені баршаға мәлім.Бұл жерде облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді әрі табанды еңбегін тілге тиек етпеске болмас. Елжандылықтың нағыз үлгісін көрсеткен облыс әкімі қаншама жарқын жобаларға, баянды бастамаларға ұйтқы бола білді. Көп ұзамай Қызылорда қаласынан 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы бастау алмақ. Сондай-ақ 500 орындық емхана мен 200 орындық перзентхана да салынады деп күтілуде.
Руханият саласы да назардан тыс қалмай облыс орталығынан драма театр мен заманауи кітапхананың іргесі қаланбақ. Бір сөзбен айтқанда көркіне көз тоймайтын құрылыс нысандары Қызылорданы құлпырған үстіне құлпырта түспек. Президент кешегі өткен ұлттық Құрылтайда «...озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген еді. Бұл тұрғыда қажетті істен кенде емеспіз. Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бастамасымен аймақтағы барлық аудандарда Руханият орталығы ашылғаны көпке мәлім.
Сәулет анасы – тарих, тарих айнасы – сәулет. Қазақстанның ғасырлар бойы орныққан сәулетін қайта жаңғырту бүгінгі буынның еншісінде. Алтын қолды құрылысшылар шартарапқа мәлім Қызылорданың көкжиегін онан әрі көркейтіп, толымды тірліктердің басы-қасында жүрген аймақ басшысының бағыт бағдары мен сәнімізге сән қоса беретініне ешкім шүбә келтірмейді.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
24 қаңтар 2026 ж. 78 0