Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаймағы бұзылмаған Қызылордада – Құрылтай

Қаймағы бұзылмаған Қызылордада – Құрылтай

Қызылорда қазіргі таңда кісі қызығарлық қалаға айналған. Сәні бөлек, келбеті ерек. Арқа төсіндегі ару Астана мен қатарласа көркейіп, көкжиегін кеңейткен Сырдың бас қаласы әсем қалаға айналды. Күллі республикаға үлгі қазақылықтың қаймағы бұзылмаған шаһар міне, бүгінгі күні кезекті құрылтайды өткізу бақытын еншілемек.
«Бақыт, қайда барасың? Ынтымағы жарасқан елге барамын»... Баянды бірліктің, тату тірліктің арқасында төрткүл дүниеге танылған Қазақстанның бір бөлшегі Қызылордада ілкімді істер, жарқын жобалар, табысты тірліктер жетіп  артылатынын ертең құрылтайға жиналған игі істің басында жүрген жақсылар көрмек. Бұл енді тарихи сәт.
Ұлттық құрылтайдың осыған дейінгі төрт отырысында ұлттық мүдде екшелгені көпке мәлім. Талай мәселе көтеріліп, ел дамуына қатысты салиқалы ойлар айтылған басқосуда талай түйткілді дүниелер таразыланып, көп көкейіндегі сауалдар қаузалды. Өткен күнде белгі бар. Кезекті бір Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына жаңа құрылым құруды ұсынғанда, бәзбіреулер «бұл қалай?» деп бастамаға сенімсіздік танытқанын жасыра алмаймыз. Алайда Президент пәрмені бәрінен күшті. Жарқын ой, өміршең бастама нағыз қазаққа тән ұйысудың көрінісі екенін Ұлытауда өткен алғашқы отырыста дәлелдей алды.
Тың идеялар алаңы Қызылордада да ерекшелігімен есте қалары даусыз. Қоғамдық бірігуді дамытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде ерекше рөл атқаратын құрылтайдың билік институттары мен азаматтық қоғам арасында сындарлы диалог орнатудың таптырмас мүмкіндік екеніне ешкім шек келтіре алмайды. Құрылтай осынысымен құнды. Күріштен тау тұрғызып, теңіз тереңіндегі балықтай жеңсік асымен және ақ алтынымен дараланған Сыр өңірінде шымылдық түретін басқосуда бізге берілетін бағаның жақсы боларына сенім мол.
А. ҚАРЫМСАҚ
17 қаңтар 2026 ж. 60 0