Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданы әкімі аудан тұрғындарын құттықтады

Арал ауданы әкімі аудан тұрғындарын құттықтады

Құрметті жерлестер! Ардақты ағайын!
Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күні біз баға жетпес байлығымызды – туған ел игілігі жолындағы ырысты ынтымағымызды дәріптейміз.
Халқымыздың «бірлік болмай, тірлік болмас» деген сөзінен достық, ынтымақ ұғымдарын қастерлеудің үлгісі көрінеді. Осы бір өміршең қағида ұлтына, діни сенім-нанымына қарамастан еліміздің барлық азаматтарының берік ұстанымына айналды.
Қазіргі елдегі ахуалға орай енгізілген төтенше жағдай кезеңінде халықтың ауызбірлігі мен татулығының арқасында бұл қиындықты да бірге еңсереміз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған мәлімдемесінде «Қашанда ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ. Халқымыз «Береке басы – бірлікте» дейді. Жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз!» деп сенім білдірді.
Ұлы мақсаттарды ұлықтаған, баршаны бауырына басқан, достыққа құшағын айқара ашқан мемлекетіміз заманауи әлемде дамудың жаңа көшін бастап, жаңарған, жаңғырған жолға түсіп, көрші елдерге үлгі болуда.
Біздің елімізде бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олар еліміздің өркендеуіне лайықты үлесін қосып, аянбай еңбек етуде.
Қаймағы бұзылмаған қалың қазақ ордасы ауданымызда қазіргі таңда орыс, кәріс, татар, өзбек, украин, башқұрт, молдаван, қырғыз, қарақалпақ сынды 72 этнос өкілі жергілікті халықпен етене араласып, ынтымақта өмір сүруде. Бұл – жұртымыздың айнымас достығының үзілмес дәнекері. Ауданда замана көшіне ілескен іргелі істер жүзеге асып, тың серпілістер жасалуда. Талай сындарлы сәттерге мойымай, бар ауыртпалықты бірге көтере білуіміз бізді осындай жетістіктерге жеткізіп отыр.
Жұдырықтай жұмыла білген бірлігіміздің арқасында ортақ мүдде жолындағы қиындықтарды қайыспай көтеріп, қуанышымызды бөлісіп, ақ ниетімізді, асыл қасиеттерімізді танытып келеміз. Бұл – тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір жұртымыздың айнымас достығының дәлелі.
Кезінде талай рет елдің басына түскен қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған – ынтымағы мен бірлігі.
Қадірлі ағайын!
Қашан да еліміздегі халықтар бірлігі жарасып, Отанымызда әрқашан бейбітшілік пен келісім, достық пен сенім орнасын. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын! Баршаңызға мерекелік көңіл-күй, отбасылық бақыт, игілік пен мол табыс тілеймін!

Ізгі ниетпен, аудан әкіміМұхтар Оразбаев
01 мамыр 2020 ж. 780 0