Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы

Аудан әкімінің құттықтауы

Қадірлі жерлестер!
Құрметті аралдықтар және қала қонақтары!
Баршаңызды туған қаламыздың мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!Тарихы теңізбен тамырлас Арал қаласы елімізге ғана емес, әлемге мәшһүр. Кезінде ақ бас толқынды Арал теңізі жағасына қоныс тепкен Арал қаласының келбеті күні бүгінге дейін баршаңыздың көз алдарыңызда.
Сонау кеңес заманында іргесін ақжал толқын ұрғылап жататын теңіз төскейіндегі алып кемелер айқайы мен ақ шағалалар шаңқылы құлақ түбінде күмбір қағады. Өкінішке орай, сол кездері теңіздің тартылуымен қала келбеті де көріксізденіп кете барған болатын.
«Аралым – айдын шалқарым, құт-береке қонған жер», – деп Әбілхан Маханов атамыз жыр еткендей, еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бастап Арал қаласы бойын қайта тіктеп, құт-берекеге бөлене бастады.
Бір ғасырға жуық тарихы бар қаламыз бүгінде шежіресі көне, дегенмен, саяси экономикалық беделі – жас қалаға айналып отыр. Олай дейтінім, сүрленген тарихы терең қаланың қазіргі заманауи келбеті қалыптасуда.
Көрікті қаламыз жыл сайын түлеп-түрленіп, өзінің жаңа қырларын танытып, әр таң сайын жаңа белестерге ұмтылыс жасап, ажары айшықтала түсуде.
Арал – Қызылорда облысы қалаларының ішіндегі өзіндік орны бөлек шырайлы шаһар. Біздің табанымыз тиіп тұрған бұл қаланың топырағы – киелі, ауасы – қасиетті, суы – қастерлі, жұрты – берекелі. Оның өз көңіл-күйі, өзіндік болмыс-бітімі бар. Өзіне ғана тән мінезі, тыныс-тіршілігі мен айрықша келбет-дидары да ерекше.
Арал – мәдени келбеті көркем қала. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, қазақтың қара сөзінің қадірін қасиет тұтқан – айбынды Арал өңірі ұлттық салт-дәстүрді ерекше құрметтейтін құт қонған мекен. Әйгілі жыр өлкесі Нұртуған шайырдан бастап, Үмбетәлі жырау, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жарасқан Әбдірашев, от ауызды ақындар Зейнолла Шүкіров, Шөмішбай Сариев, белгілі Бекұзақ Тәңірбергенов, Рысбек Әшімов, Сұраған Мырзатаев сынды дүлдүлдерімен етене жатқан елге таныс өлке. Сондай-ақ, Арал топырағы өздеріңіз білетіндей екі Кеңес Одағының батыры, он жеті Социолистік еңбек ері, Қазақстан Республикасының тұңғыш Үкімет басшысы Ұзақбай Қарамановтай ұлт перзенттері шыққан құтты мекен.
Шуақты шаһарда талай ғылыми еңбектер жазылып, керемет өнер туындылары дүниеге келген. Талай жақсы мен жайсаңның тағдырлары тоғысқан, небір жарқын идеялар мен алаулы армандарға дем берген құнарлы жерде біздің де өскеніміз – зор мақтаныш.
Ардақты ағайын!
Қазіргі таңда бой түзеп, жаңару, өзгеру, жаңашылдыққа қадам басқан сүйікті мекеніміз гүлдене берсін! Әрдайым еліміз тыныш, аспанымыз ашық болып, әрбір шаңыраққа шаттық қонсын. Мемлекет қамқорлығын үнемі сезініп келген қасиетті өлкеміз әліде тарихтың талай сәттеріне куә болары сөзсіз. Айбынды Аралымыз күннен күнге дами берсін, өркендей берсін, өрлей берсін!
Ізгі ниетпен аудан әкімі Серік Сермағамбетов
19 қазан 2022 ж. 481 0