Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАРИХ: 20 ҺӘМ 200

ТАРИХ: 20 ҺӘМ 200

Биыл ерке Есіл мен сұлу Сырдың бойындағы қос қала – Астана мен Қызылорда үшін айтулы жыл. Арқа төсінде бас шаһардың 20 жылдығы тойланса, Тұран төрінде 200 жылдық мерейтой атап өтілмек. Қазақ даласында кезігетін өзге қалалардан бұл екеуінің өзара ұқсастығы өте көп. Екеуі де ел тағдыры сынға түскен сәтте талай тарихи шешімдер қабылданған орталыққа айналды. Екеуі де ұлт зиялылары келелі мәселелерді келісіп шешетін алаңға айналды. Бірі азаттығымыздың айбарын көрсетсе, бірі «Қазақтығымызды» («Қазақ республикасы» деп атау жайлы қаулы ең алғаш Қызылорда қаласында қабылданды) қайтарды. Тарихи мерзімін бір ғана нөл ажыратып тұрған қос шаһардың Ұлы дала төсін жайлаған ұлт үшін маңызы ерекше.
Арқа төсіндегі әсем қала жайлы айтылғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аты қатар айтылады. Себебі – бас шаһар Мемлекет басшысының төл туындысы. ҚР Президентінің бастамасымен 1994 жылы 6 шілдеде Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің шешімі қабылданды. Ал ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асырылды. Алайда, Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Осылайша тәуелсіз елде алғашқы астана жарияланды. Жазық жерден жаңа қала көтерудің қиындығы айтпаса да белгілі. Оның үстіне Тәуелсіздігін енді алған ел үшін бұл ерлікпен пара-пар. Алайда, жас мемлекеттің айбарына айналатын жаңа заманның орталығын құру үшін тәуекел қажет болатын. Президент елдегі экономикалық қиындыққа қарамастан тарихи шешімді қабылдады. Осылайша еңсесі түскен елдің назары ауды, болашаққа деген сенімі артты. Жаңа атаумен жарты әлемге танылғанына 20 жыл толған Астана қазір болашақтың қаласына айналды.
Дәуірлер тоғысын, ХХІ ғасыр басын – еліміздегі тарихи шешімдер кезеңі десек артық емес. Енді уақыт диірменін кері айналдырып көрейік. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде де Сыр бойында дәл осындай ұлт үшін ұтымды маңызды қадам жасалған болатын. Ол – Ақмешіттің атауын Қызылорда етіп өзгерту және жаңа республиканың астанасы деп жариялау болатын.
Ең алғаш 1818 жылы іргетасы Ақмешіт болып қаланған қаланың аты бірнеше рет өзгерді. 1853 жылы Перовск болса, 1922 жылы қайтадан Ақмешіт болды. Ал қазіргі атауы 1925 жылдың 15 сәуірінде бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезінде қабылданды. Сондай-ақ, осы бес күнге созылған съезде «бұдан былайғы жерде «киргиз» деген атау «қазақ» деп аталсын» деп қаулы қабылданды. Сондай-ақ, орталығы Қызылорда қаласы болады деген шешім шығарылды. Қаланы астана етудің өзіндік себептері бар болатын. Мұнда ең бірінші ұлттық мүдде көзделді. Жұтылып кетудің алдын-алу үшін осылай жасалды. С.Қожанов «Ақжол» газетінде «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген
қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек» деген уәж айтып, Қазақ астанасы болуға Орынборды шетте болғандықтан ғана емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлтына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайтындығын айтады.
Орталыққа айналған Орда ұлт зиялыларының басын қосты. Руханият көшбасшылары халық үшін қызмет етті. С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров секілді белгілі қаламгерлердің туындылары сахналанды. Қалаға жаңа ғимараттар салынып, үлкен әкімшілік-аумақтық бөлініске айналды. Биыл облыстың құрылғанына 80 жыл толып отыр.
Қатар айтып отырған қос қаланы тұңғыштар тізімінде десек болады. Екеуі де астана ретінде алғашқылардың қатарында. Екі шаһар да болашақтың қаласына айналуды көздейді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бір сөзінде «Біз Астанаға қарап бой түзейміз» деген еді. Тақыр жерден тұрғызылған Астана қаласы, Есілдің сол жағалауы мүлдем өзге кейіпке енген. Сол ізбен Қызылорда қаласы да Сырдарияның сол қанатын игеруде. Бүгінде арғы жағалаудағы ғимараттар алыстан көзге ілігеді. Онда тарихи байланыс ұмыт қалдырылмай, шығыстық стиль көрініс табады. Сонымен бірге, республиканың тарихи Қазақ атауы қайтарылып, шешім шығарылған ғимарат қайта қалпына келтіріліп, рухани жаңғыру орталығына айналмақ.
Сыр мен Есілдің арасындағы жаңа бір байланыс жақында Елбасы жариялаған 5 әлеуметтік бастамада да айтылды. Енді аймақтан арқа төсіне газ құбыры тартылады. Бұл бастама арадағы қаншама қала мен елді мекеннің көгілдір отынмен қамтылуына септігін тигізбек. Одан бөлек шаһарларды «Ақылды қалаға» айналдыру жобаларын алғашқылардың бірі болып қолға алуда.
Ғасырлар тоғысында қазаққа пана болған астаналардың мемлекет үшін маңызы ерекше. Сан тараулы жолдың торабындағы екі қала әлеуметтік әрі рухани жағынан үндестік тапқан. Бірі жаңа заманның – қаласы болса, Бірі – Алаштың анасы.
М.ҚҰРМАНӘЛІ.
11 сәуір 2018 ж. 2 045 0