Экоәдеттен – экомәдениетке
Жасампаз отаншылдықтың негізгі қағидаттары өмірдің өзінен алынған деуге болады. Ол күнделікті тіршіліктегі нақты іспен, азаматтық жауапкершілікпен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қатысу, волонтерлік қозғалыстарға, қайырымдылық шараларға, әлеуметтік кәсіпкерлікке және ел игілігі үшін атқарылатын басқа да жұмыстарға белсене араласу – жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдықтың айқын көрінісі.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Таза Қазақстан» – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды. Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады.
Бұл – ең алдымен өз ауламызды, көшені, ауыл мен қаланы таза әрі ұқыпты ұстау деген сөз. Таза Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды қағидатты ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Сонда ғана біз нағыз өркениетті, ілгері қадам басқан озық елге айналамыз».
Бұл жоба әр азаматтың туған жерге жауапкершілігін арттырып, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған.
Акция турасында депутат Нұртай Сабильянов та:
– «Таза Қазақстан» – бұл жай ғана акция емес, ұлттық жауапкершілікке негізделген қозғалыс. Жастарымыз 2 203 шақырым жолды тазалап, баршамызға үлгі көрсетті. Бұл бастаманы әрбір азамат қолдауы тиіс, – деді.
«Таза Қазақстан» бастамасы қолға алынғалы бері республика көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Миллиондаған қазақстандықтар сенбіліктер мен экологиялық акцияларға қатысып, бір миллион тоннадан астам қоқыс шығарылды, миллионнан аса ағаш пен көшет отырғызылды. Жүздеген саябақтар мен скверлер, өзен-көл жағалаулары, тарихи және әлеуметтік нысандар тазартылды.
Осы игі бастаманың нақты жемісі Қызылорда облысында да айқын көрініс тапты. Сыр өңірінде «Таза Қазақстан» акциясына 600 мыңнан астам адам қатысып, ондаған мың тонна қоқыс шығарылды, жүз мыңдаған ағаш көшеттері егілді. Облыс көлемінде жүздеген саябақ пен сквер, мыңдаған көше мен аула, ондаған су айдындары тазартылып, абаттандырылды. Бұл көрсеткіштер Қызылорда жұртшылығының туған жерге деген жанашырлығы мен азаматтық белсенділігін көрсетеді.
Арал ауданында да тазалық пен тәртіпке негізделген бұл бастама кең қолдау тапты. «Таза өлке – таза аудан» акциясы аясында жастар мен волонтерлер қарттар мен еңбек ардагерлерінің аулаларын тазалап, қоғамдық орындарды ретке келтіріп, жасыл желек отырғызу жұмыстарына белсене қатысты. Аралдықтардың бұл еңбегі – экологиялық мәселені шешумен қатар, ұрпақтар сабақтастығын, үлкенге құрмет пен кішіге үлгі боларлық тәрбиені қалыптастырып отыр.
Бүгінде Қазақстанның патриоты болу – азаматтық жауапкершілікті терең түсіну деген сөз. Ұлт мүддесін желеу етіп бос айқайға салынатын, азаматтардың Отанға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинаудың құралына айналдырғысы келетін теріс пиғылды адамдар бізге қажет емес. Керісінше, зауыттар мен өндіріс орындарында, ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтау ұйымдарында, мектептер мен университеттерде, ғылыми зертханаларда, мемлекеттік мекемелер мен жеке компанияларда адал әрі табанды еңбек етіп жүрген азаматтардың ісі – нағыз жасампаз отаншылдықтың үлгісі. Әскери борышын өтеп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген азаматтар да елге қызмет етудің биік үлгісін көрсетіп келеді.
Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» – ел болашағына бағытталған ортақ жауапкершіліктің көрінісі. Ол әр адамның ішкі мәдениетін, туған жерге деген құрметін айқындайды. Таза орта – дені сау ұрпақтың, тұрақты дамудың және ұлттық бірліктің кепілі. Сондықтан бұл бастама уақытша шара емес, елдің санасына сіңуі тиіс өмір салты. Егер әрбір азамат тазалықты өзінен бастаса, Қазақстан тек географиялық аумағы кең ел ғана емес, мәдениеті жоғары, жауапкершілігі зор, жасампаз мемлекет ретінде қалыптасары сөзсіз.
Г.САҚТАПОВА










