Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗА БЕЙСЕНБІ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

ТАЗА БЕЙСЕНБІ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Бүгін “AMANAT” партиясының экологиялық бағыттағы тұрақты бастамаларының бірі – “Таза бейсенбі” акциясы аясында Арал қаласынан Мергенсай ауылдық округіне дейінгі автожол бойында ауқымды тазалық жұмыстары өткізілді. Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатқа жанашырлықпен қарауды насихаттау болды.
Тазалық іс-шарасына партия белсенділері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, жастар ресурстық орталығының өкілдері мен ерікті жас азаматтар атсалысты. Қатысушылар жол жиегінде жиналып қалған тұрмыстық қалдықтарды, пластик пен қағаз қалдықтарын жинап, арнайы қоқыс алаңдарына жеткізді.

Акция барысында ұйымдастырушылар экологиялық мәселелерге бей-жай қарамау керектігін, әр азаматтың табиғатты қорғауға қосар үлесінің маңызды екенін атап өтті. Жол бойындағы аумақты тазарту арқылы қатысушылар көпшілік жүретін жерлердің мәдениетті әрі таза болуына ықпал еткенін жеткізді.

Мұндай шаралар – тек бір реттік тазалық жұмысы емес, қоғамға бағытталған тәрбиелік мәні зор бастама. “Таза бейсенбі” акциясы өңірде тұрақты түрде өткізіліп келеді және жыл сайын оған қатысушылар саны артып отыр. Бұл – қоғамның экологияға деген жауапкершілігі күшейгенінің айқын көрінісі.

Акция соңында қатысушылар таза табиғат – ортақ байлық екенін тағы бір мәрте атап, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
20 қараша 2025 ж. 182 0