Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтар WhatsApp арқылы қазақстандықтың ақшасын ұрламақ болды

Алаяқтар WhatsApp арқылы қазақстандықтың ақшасын ұрламақ болды

Екібастұзда алаяқтардың әрекеті жедел түрде тоқтатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінің тұрғыны алаяқтардың құрбаны бола жаздады. Алаяқтық схемасы қарапайым: WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз адам тұтынушыға оның мекенжайына су есептегіш құралдарын тексеру үшін мамандар жіберілетінін хабарлаған. Тіркеу үшін ер адамның телефонына келген кодты айту қажет екенін айтқан. Еш күмәнданбастан, ер адам кодты айтып қойған, кейін ғана алаяқтық әрекеттің құрбаны болғанын түсінген. Ол бірден полицияға жүгінді, - деп хабарлады Екібастұз қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Валентин Бримжанов.

Хабарлама бойынша жұмысты полиция капитаны Аман Садықов жүргізіп, азаматтың қаржылық қаражатын қорғау бойынша жедел шаралар қабылдаған. Халық банкінің аға менеджерімен бірлесіп, банк шоттары бұғатталды. Онлайн-қосымшалар мен eGov порталы арқылы несие рәсімдеудің алдын алды. Сондай-ақ басқа банктерге хабарласып, өтініш берушінің атына қарыз рәсімдеуге жасалуы мүмкін әрекеттерді тоқтатты.

Полиция мен банк қызметкерлерінің үйлесімді және жедел әрекеттерінің арқасында алаяқтық дер кезінде тоқтатылып, маған қаржылық зиян келтірілген жоқ. Полицияға көрсеткен нақты әрі жедел көмегі үшін алғыс айтамын. Енді өзімді қауіпсіз сезінемін, - дейді жәбірленуші.

Полиция азаматтарды тағы да сақ болуға, телефон арқылы банк карталарының деректерін, құпиясөздер мен растау кодтарын ешқашан хабарламауға шақырады.

Фото: Нұрболат Нұржаубай
06 ақпан 2026 ж. 64 0