«AMANAT» партиясы көппәтерлі үйлерді басқару жүйесін жаңғырту жұмысын күшейтуде
«AMANAT» партиясы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару сапасын арттыруға бағытталған «Тұрғындар аманаты» жобасын жүйелі түрде жүзеге асыру жұмысын жалғастыруда. Астанада партияның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдары өкілдерінің, Мәжіліс депутаттарының және өңір әкімдері орынбасарларының қатысуымен кеңес өтті.«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғырту жұмысы негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалды. Бүгінде инженерлік желілерді жаңарту, шығындардың ашықтығын арттыру және тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру жұмысы жүргізілуде. Бұл қадам инфрақұрылымның тозуын төмендетіп, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Партия фракциясы атқарған жұмыс аясында «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, тұрғындардың құқығы заң жүзінде бекітіліп, көппәтерлі үйді басқару нысанын өз бетінше таңдауына, тарифтерді бекітуіне, жұмсалатын қаржыны қадағалауына және басқарушы құрылымдардың қызметі туралы толық әрі нақты ақпарат алуына мүмкіндік берілуде.
«Тұрғындар аманаты» жобасы ел азаматтарының жартысынан астамын қамтиды. Алдағы уақытта өңірлерде әкімдердің қатысуымен форумдар өткізіледі. Сондай-ақ МИБ және ПИК белсенділерін оқыту, тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге атсалысу, сондай-ақ партия филиалдары жанынан жобаның фронт-офистерін ашу көзделуде.
Бұл жұмыс еліміздің барлық өңірінде кеңінен жүзеге асырылып, «AMANAT» партиясының тұрақты бақылауында болады.
#АМАНАТ













