Ардагерлер бенефисі
Сексеуіл кенттік кітапханасының және мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Ауылдан шыққан асыл азаматтар – кент мақтаныштары» атты бенефис-шоу нағыз рухани мерекеге айналды. Шараның басты мақсаты – өңіріміздің дамуына үлес қосып жүрген тұлғаларды дәріптеу, олардың өмір жолын жастарға үлгі ету.Ардақты есімдер – ел мерейі
Кеш төрлерінен көрінген кейіпкерлеріміздің орны бөлек. Олардың қатарында халық ағарту ісінің озық қызметкері, ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі, қоғамдық тіршілік пен тілшілікті қатар алып жүрген өткір сөз бен қарымды қалам иесі Жоламан Жолдасов, «Ағарту ісінің үздігі», кенттегі қоғамдық ұйымның төрайымы, көптеген жастардың жұмысқа орналасып, әлеуметтік жағдайдың түзелуіне тікелей септігін тигізіп жүрген Ранайкүл Наштаева болды.
Шынайы сезімдер мен тосын сыйлар
Кеште ұстаздар қауымына көрсетілген құрмет ерекше болды. Әуезді әнмен ортаға шыққан ардагерлердің өмірбаяны экран арқылы баяндалып, олардың қиындығы мен қызығы қатар өрілген жылдарына шолу жасалды. Ал шараның ең қызықты әрі тосынсыйға толы сәті Жоламан ағайдың «Ұстазым менің, ұстазым» атты еңбегіне қатысты орын алды. Сол кітапта парталас досы Нағима Тәуекеловаға арнау өлең жазған болатын. Міне, Нағима апайдың күтпеген жерден келуі кейіпкеріміз үшін көңіл толқытар сәт болды. ағай үшін үлкен рухани сый болды. Сондай-ақ, ағайдың балалары мен бауырлары иығына шапан жауып құрмет көрсетсе, немересі Нұрсұлтанның атасына арнаған өлең жолдары кешке жиналғандарды тебірентті.
Ал әркез алғыс арқалап келе жатқан Ранайкүл апайдың шарапатын көрген шәкірттері мен әріптестері – Салтанат Қалиева мен Мәдина Римова арнайы келіп, өздеріне қолдау көрсеткен ұстазға деген шынайы ризашылығын жеткізді. Апайдың бауырлары да өз кезегінде тосын сыйларын табыстап, туыстық көңілдерін білдірді.
Шара соңында еркін сұхбат орын алып, мектеп оқушылары ардагер ұстаздарға көкейдегі сұрақтарын қойды. Бұл сәт жас буын үшін нағыз өмірлік мектеп сабағындай болды. Мәдениет үйі қызметкерлерінің әсем әндерімен өрнектелген кеш жоғары деңгейде өтті.
Осындай шаралар өткенге құрмет, болашаққа сенім ұялатады. Сол себепті ауыл мақтаныштарының еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.
А.Мұханбетшарипова,
Сексеуіл кенттік кітапханасының меңгерушісі








