Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұстаздар әулетінің атасы

Ұстаздар әулетінің атасы

1945 жылдың 9 мамыры «Тастүбек» ұжымшарында қойма меңгерушісі, парторг, басқарма орынбасары болып абыройлы қызметтер атқарған Жолдас Қошқарбаевтың шаңырағында екі бірдей сүйінші хабар орын алды. Алғашқысы – талайдың тағдырын жалмап, мыңдаған отбасының басына қайғы алып келген Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғаны болса, екіншісі – жарық дүниеге ұл баланың келуі. Сұрапыл соғыс өрті тұтанған шақта майдан даласына аттанып, қарша бораған оқ пен шарпыған оттың арасына соғысқа Жолдас Қошқарбаевтың өзі де аттанған болатын. Өмірден үмітті емес, өлімнен күдікті болып жүретін шақта ол алда көрер жарығым бар деп ойлапты ма?! Қолына қару алып, майдандастарымен алдыңғы шепте жүріп ерліктің үлгісін көрсете білген ол соғыс аяқталмай елге оралуға мәжбүр болды. Себебі қолынан ауыр жараланған екен. Осы хабарды естіген әжесі "екі қолынан айырылса да өзі аман оралса болды" деген екен.
Міне, бүгінгі біздің кейіпкеріміз осы Жолдастың жеңіс күнімен қатар туған перзенті Жоламан Жолдасов болмақ. Жауынгердің ұрпағы Жоламан Жолдасов жайлы да көптеген өнегелі әңгіме айтуға болады.
Ол бала кезінен "Мен бақытты ұрпақпын. Жеңіс күні туғанымды мақтан тұтамын" деп өскен Жоламан ағамыз 1963 жылы №423 қазақ орта мектебін бітіріп, сол жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Жастайынан батырлықтың үлгісін көріп өскен ол оқып жүріп 1965-1967 жылдары Кеңес әскерінің қатарында азаматтық борышын өтейді. Әскерден оралған соң оқуын қайта жалғастырып, 1970 жылы өзі білім алған мектепке мұғалім болып қызметке араласады. Еңбек жолын осы жерде бастаған кейіпкеріміз кенттегі мектептерде мұғалім, әдіскер, клуб пен мектеп директоры, мектеп директорының орынбасары ретінде үздіксіз 41 жыл абыройлы жұмыс істеп, зейнет демалысына шықты.
Жоламан ағамыздың жұбайы Базира да осы саланың білікті маманы болды. Жоғары білімді, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің иегері атанған анамыз да бүгінде ұзақ жылдық ұстаздық қызметтің зейнетін көріп отырған ақ жаулықты әже.
Екеуі қатар отырып 6 баланы өсіріп, жетілдірді. Әке мен ананың жолын қуған перзенттері де ұстаздық білім алған. Барлығын жоғары білімді маман етіп шығарып, келін жұмсап, 15 немеренің сүйікті ата-әжесіне айналып отыр.
Жоламан ата қат-қабат жұмыстың арасында қолы қалт еткенде ауыл өмірі, ардагерлер туралы үзбестен газет бетіне мақала жариялап тұрды. Сексеуілдіктер ұстаз деп қана қоймай, тілші ата деп мақтанады. Ол «Еңбек ардагері», «Жеңістің 20 жылдығы» медальдарының иегері және Арал ауданының қайраткер ардагері» атанған ұлағатты ұстаз. Оқырмандар ортасына жол тартқан «Мәнгі сағыныш», «Жалған дүние-ай», «Ұстазым менің ұстазым» атты кітаптарының авторы. Облыстық, аудандық журналист қауымына тонның ішкі бауындай етене жақын. Қандай тақырыптарды қалам тербеседе жазғандары оқырман қауымы алдынан табылады.
«Теміржолшы», «Құрылтай», «Толқын», «Сыр мектебі», «Арал әлемі» газеттерінің қоғамдық тілшісі. Ардагер ұстаз Халықаралық Жазушылар одағы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Облыстық радио, телевидение комитетінің қоғамдық тілшісі. Қызу тірліктің ортасында жүрсе де, жанына қаламын серік ете білді. Осындай адал еңбегін бағалаған мақтаулары да аз емес. Сексеуіл кентінде «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңестің мүшесі. Жоламан ата жайлы «Арал әлемі» газетінде авторлық ақ тілек жарияланды.
Кейінгілер аузына қараған,
Шыққан сөзін байлығына балаған.
Топ ішінде тәлім алып тұрады,
Сексеуілдің ақсақалы Жоламан.

Кітаптары оқырманға тараған,
Мақтауға, мақтанышқа жаралған.
Сол кенттің мақтауларын танытқан,
Сексеуілдің жазарманы Жоламан.

Болсын деп те қарттар аман, шал аман,
Түгелдейді өткен күнді жоғалған.
Туған жердің жазушысы кім десең,
Ол – Жоламан, Жоламан!

Жақсы аты ел-жұртына тараған,
Жазған күнін – бақытына санаған.
79 жасына қараған бұл шағында,
Тағы қандай қыр ашады Жоламан.
Құдайға шүкір деймін, жақсы қартаю көңілге байланысты-ау деп ойлаймын. Балаларымның үйіне барып, немерелерімді сүйіп, мауқымды басып қайтамын.
Балаларымда, келіндерімде бетіме қарсы келмей, ыңғайыма қарайды, айтқанымның бәрін істейді. Осыларды көріп, маған әлі қартаю ертерек-ау деп ойлаймын.

Онталап ЖОЛДАСОВ
03 мамыр 2023 ж. 406 0