Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

Ұлы Отан соғысы басталғанда, көптеген қазақ азаматтары қолдарына қару алғаны белгілі. Олардың баршасы тайлы-тұяғымен майдан даласына аттанғанда, елде қалған жанашыр жандар тілеуін тілеп, туыстарының аман-есен елге оралуын сарыла күтті. Осы орайда Алар ауданынан майдан даласына 5923 азамат аттанып, өкінішке орай олардың арасынан тек 643 майдангеріміз туған өлкеге оралды. Иә, қазақтың кез-келген ауылындағы сияқты осыдан 73 жыл бұрын елге Жеңіс туын желбіретіп келген майдангерлер қатары біздің ауданымызда да сиреп қалды. Осындай зұлмат жылдарда өлімнен қорықпай, қарсы келген жауға төтеп беріп, майдан шебінде жүрген Тұрсынбаев Берден. Ендеше, біз Ұлы Жеңісті жақындатқан жауынгеріміз Берден ақсақалдың естеліктерін өрбітейік. Берден Тұрсынбайұлы Тұрсынбаев 1925 жылы Арал ауданы, Тастүбек балықшылар колхозында дүниеге келген. Үлкен әкесі Асанбайдан Тұрсынбай, Ниязбай, Жақсылық есімді үш бала тараған. Тұрсынбайдан Берден, Ниязбайдан Көпберген, ал Жақсылықтан Бипан есімді қыз бала болған. Берден Сексеуіл стансасындағы 7 жылдық мектепті бітірген соң, теміржол депосында от жағушы болып жұмыс жасаған. «Ол кезде 2-3 мыңдай тұрғыны бар Сексеуілде әр түрлі ұлттың өкілдері болатын. Соның ішінде орыс халқы көп болатын еді. Барлығымыз тату-тәтті тұрмыс кештік,-дейді Берден ақсақал. 
-1941 жылдың маусым айында бейбіт халықтың төбесінен жай түскендей болды: «Соғыс» деген сөз жас-кәрінің ұнжырғасын түсіріп жіберді. 18 бен 40 жас аралығындағы азаматтар ел қорғауға аттана бастады. Біздер, 14-16 жастағы балалар, ауыр жұмыстарға жегілдік-күнделікті тамақ табу қиын болды, кешқұрым жұмыстан қолымызға тиын-тебен немесе бір көмеш нан алып келсек, әке-шешеміз қуанып қалатын. 18 жасқа толған соң, мен өз еркіммен сұранып соғысқа аттандым. 1943 жылы Ақмола қаласында 1 ай бойы мылтық, автомат, пулемет ату және саптағы жаттығуларды жасап, әскери даярлықтан өттік. Сол жылдың аяғында әскери эшелонмен батысқа аттандық. 1944 жылдың басында Смоленск қаласында жасақталған 2-Белорусь майданында ұрысты бастадық. Бұл майдан 1944-1945 жылдары Белоруссияда, Польшада және Шығыс Пруссияда неміс-фашистерін талқандау үшін шайқастар жүргізді. 1944 жылдың мамыр айынан бастап, Белоруссияны жаудан тазарту үшін соғыс жүргіздік. Жаз айларының бірінде Витебск қаласының түбінде болған қатты шайқаста зеңбірекпен жау танкілерін атып жатырған едік. Ұрыстың қызған шағында, неміс снаряды түсіп жарылған кезде зеңбірегіміз қирап, қасымдағы көмекшім екеумізді топырақ басып қалыпты. Мен контузия алған екенмін. Есімді жисам, бір аяғым қозғалмайды. Сөйтсем, жарықшақ сол аяғымның сан етін жыртып кетіпті. (Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Берден атамыз «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталады). Сол жарақатымды емдетіп Молчановка деген қалада, госпитальда алты айдай жаттым. Біздің әскерлер 1945 жылдың 14 қаңтарынан бастап Шығыс Пруссия жерінде жаумен кескілескен шайқастар жүргізе отырып, Калининград қаласын басып алды. Жау әскері өліспей беріспеуге бекініп, қорғанысқа бар күштерін салды. Жанымда жүрген талай майдандас достар осы қала үшін болған сұрапыл шайқаста көз жұмды. Олардың арасында әзербайжан, өзбек, грузин, украин, орыс жігіттері де болды,-деп қарт жауынгер майландас достарын, алыста қалған жастық шағын еске алып. 
Талай қанды қырғынды бастан кешкен Берден ақсақал Ұлы Жеңісті Москва түбіндегі Рошаль деген шағын қалада қарсы алады. Зарыға күткен жеңіс келгенімен, соғыстың дүмпуі әлі естіліп тұрды. Өйткені, еліміздің Қиыр Шығысында Жапонияның императорлық армиясын талқандау үшін соғыс болып жатырса, батыста Бендераның қарақшы топтарын жою үшін ұрыстар жүріп жатты. Берден атамыз да 1948 жылға дейін елге қайтпай, тұтқынға түскен неміс әскерлерін күзетті, қираған қалаларды, зауыттар мен фабрикаларды, көпірлер мен басқа ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін атсалысқан. 
Туған елдің топырағын 1948 жылы басып, туған-туысқандарымен қауышқасын, Бәкең бейбіт еңбекке де кірісіп кетеді. Вагон депосында жұмысшы болып бастап, кейін тепловоз машинисінің көмекшісі, машинист болып ұзақ жылдар жұмыс істейді. 1980 жылы құрметті демалысқа шығады. 1952 жылы жұбайы Ырзагүл Сидашевамен отау құрып, түтін түтетеді. 1957 жылы Қасым, 1958 жылы Есім сынды ұлдар дүниеге келеді. Қазіргі таңда, Қасым және Есім атты екі ұлынан тараған алты немересін тәрбиелеп отыр. Омырауында әрқайсысы бір тарихқа бергісіз «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Жеңістің 30, 40, 50, 55 жылдығы», «Г.Жуков», «Украинаны азат еткені үшін» және басқа да медальдары жарқырап-ақ тұр.

05 мамыр 2018 ж. 1 812 0