Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы

Аудан әкімінің құттықтауы

Ардақты ағайын!
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – жанқиярлық ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Қазіргі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да – осынау мерекенің жемісі.
Бүгінде адамзат тарихында орын алған сұм соғыстың оты өшіп, екінші дүниежүзілік қан майданның тарих қақпасын жапқанына тура 77 жыл толып отыр.
«Ер басына күн туып, етігімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» сұрапыл жылдары мыңдаған қазақстандықтар майданда кеуделерін от пен оққа төсеп, Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғады.
Сұрапыл соғыс қанша үйдің адамын ұрлады, қанша үйде оттар сөнді, қанша аналар ұрыс даласынан келген қаралы қағазға сенбей, ұлдарын күтумен өмірден өтті. Қаншама арулар жесір қалып, сәбилер жетімдіктің зарын тартты.
Тылда қалған қарттар, аналар мен бесіктен белі шықпаған балалар соғыстың қайғы-қасіретін арқалай жүріп бірде аш, бірде тоқ, тынбай жұмыс істеді. Бірақ ешкімнің де сағы сынбады. Небір сын сәттерде Отан үшін отқа кеудесін тосқан қазақ халқының батыр қыздары мен ұлдары Отанын қорғауда үлкен ерлік көрсетті. Олардың ерлік істерін ешкім де, ешқашан да ұмытпауға тиіс.
Зұлмат жылдар тарихының беттерін парақтасақ, Жеңіс сағатын соқтыруға аралдықтардың қосқан үлесін мақтанышпен айта аламыз. Ұлы Отан соғысына 12 мың жерлесіміз аттанып, оның 5200-і майдан даласында қаза тапқан. Олардың ішінде Мақаш Балмағамбетов, Александр Мин, Ерденбек Ниетқалиев және Ауған соғысының жауынгері Валерий Очиров сынды жерлестеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды.
Сонымен қатар Қызылорда облысынан шыққан екі батырымыз "Даңқ" орденінің толық кавалері атағын алды. Соның бірі біздің жерлесіміз Яков Клишин болды.
Сонымен қатар Қызылорда облысынан шыққан екі батырымыз Даңқ орденінің толық кавалері атағын алды. Соның бірі біздің жерлесіміз Яков Клишин болды.
Осынау қасиетті күні өз өмірлерін құрбандыққа шалып, шейіт болған ерлердің аруақтары алдында терең ілтипат сезіммен бас иеміз.
Сол бір отты жылдары «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етіп, сұрапыл кезеңнің нақ куәгеріне айналған ардагерлерді әрқашан есте сақтап, тарихтың қай кезеңінде болмасын мақтанышпен айтуға болады.
Қадірлі ағайын!
Халқымыздың құрметке лайық қаһармандығы мен қайтпас қажыр-қайратының айнымас үлгісіне айналған Ұлы Жеңістің 77 жылдығы тағы да баршаңызға құтты болсын!
Көкте желбіреген байрағымыз ешқашан құламасын, бейбіт күннің бақытты сәттеріне куә болып, әркез қуатты Қазақстанымыздың күшін біріктіру жолында, бірлікте күн кешуге жазсын!
Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!
Ізгі ниетпен,
Арал ауданының әкімі   Серік Сермағамбетов
09 мамыр 2022 ж. 684 0