Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың аудан тұрғындарын 7 мамыр – ОТАН қорғаушылар күні және 9 мамыр – ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтауы

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың аудан тұрғындарын 7 мамыр – ОТАН қорғаушылар күні және 9 мамыр – ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтауы

Ардақты ағайын! Қадірлі жерлестер!
Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Бір-біріне ұласқан осынау қасиетті де қастерлі мерекелер қарсаңында ардагерлердің қайсарлықтарына, жанкешті ерліктеріне құрмет көрсете отырып, ыстық ықыласпен алғыс айтамыз!
Бұл мереке – соңғы демі қалғанша күрескен жанқиярлық ерліктің нәтижесі, халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісі. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де Ұлы жеңістің жемісі.
Өздеріңізге мәлім, сұрапыл соғысқа 1,5 миллионнан астам қазақстандық аттанып, соның тең жартысы қан майданнан қайтпады. Миллиондаған адам «бәрі де жеңіс үшін» деп, бел шешпей еңбек етті. Қасіреті мол соғыс оты әрбір шаңыраққа тиіп, өшпес дақ қалдырды.
Жалпы Арал ауданынан Ұлы Отан Соғысына 12 мыңға жуық адам аттанып, оның 6 мыңы туған өлкеге оралды. Майдан даласында ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен аралдық жауынгерлер – Мақаш Балмағамбетов, Ниетқалиев Ерденбек және Александр Мин Кеңес Одағының Батыры атанды. Ал, бейбіт күнгі уақытта ауданымыздың 16 азаматы Социалистік еңбек ері атағынса, қазіргі тәуелсіздік таңында тағы бір азаматымыз Қазақстанның Еңбек Ері атанғандығын зор қуанышпен жеткізуге болады.
Бүгінде аудан орталығында 2005 жылы майдангерлердің құрметіне арналып, бой көтерген «Тағзым» алаңында Ұлы Отан соғысының 6000 боздағының және 16 Еңбек Ерінің есімдері жазылып, ұрпақ жадында жаңғырып тұр. Қазіргі таңда ардагерлер қатары сиреп, аудан бойынша Ұлы Отан соғысының көзі тірі куәгері, ардагер Жанасов Талжан атамыз бен жанқиярлықтың үлгісіндей тыл еңбеккерлері ортамызда.
Қашанда Отан үшін оққа кеудесін тосқан әкелеріміздің ерлігін ұмытпау, бүгінгі бейбіт өмірді ұрпаққа аманат ету біздің перзенттік парызымыз. Біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ерлігінен кем түспеуге тиіс. Бүгінгі буын Жеңіс сарбаздары алдында мәңгілік қарыздар.
Биыл еліміздегі төтенше жағдайға байланысты біз Жеңістің 75 жылдығын карантин жағдайында атап өтеміз. 
Бірақ, бұл ең сұрапыл соғысты жеңіспен аяқтаған жауынгерлерімізді құрметтеуге, ұлықтауға еш кедергі келтірмейді. Осы орайда, айтулы мерекелік шаралар виртуалды режимде өтеді.
Биылғы Жеңістің 75 жылдығы аясында айдынды Арал өңірінен шыққан батырлардың ерлігі кең көлемде насихатталады. Біз олардың есімін жадымызда тағы бір мәрте жаңғыртатын боламыз.
Бұдан бөлек, Жеңіс күні қарсаңында Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік мерекесі – 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнін атап өтеміз. Биыл ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 28 жыл толып отыр. Отан қорғаушылар күні Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, ерлік пен жауынгерлік күшке ие нағыз ерлердің мерекесіне айналды.
Бұл күн – қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасын тапқан күні.
Ендеше, айтулы мерекеде барлық бастамалар оң жемісін беріп, еліміздің көркейуіне аянбай еңбек еткен азаматтарымыздың еңселері биік, мерейлері үстем болсын!
Ардақты ағайын!
Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі – Жеңістің 75 жылдығы тағы да құтты болсын!
Біз әрқашан Жеңіс мерекесін аға буынның Отанға, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз. Ерліктері еліміздің тарихи шежіресінде мәңгі орын алған, елге мұра, ұрпаққа ұран болған батыр бабалар аманатына адал болайық.
Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт тілеймін!
Мәңгілік Еліміздің болашағы жарқын, Ұлы Дала ұрпақтары намысты болсын!
Жеңістің туы желбіреп, еліміздің абыройы арта берсін!
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. 
08 мамыр 2020 ж. 1 669 0