Кеш келген құжат

Он саусағынан өнері тамған атамыз қайратты, көреген кісі еді. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, өнерге де жақын болды. Ер-азаматқа тән табандылығының, еңбекқорлығының арқасында балаларын да еңбекке, білім алуға құштар етіп тәрбиеледі. Әкенің ақылын, үлгі-өнегесін тыңдап өскен үлкен ұлы Әлиасқар Көптілеуов Аралдағы балық комбинатының бас инженері болып қызмет етті. Адал еңбегінің арқасында көпшілікке танылып, «Тәңірбергеннің баласы ғой» деп мақтап айтып жүретін дәрежеге жетті. Жалпы, 15 бала тәрбиелеп өсірген батыр атамыздың немерелері де еліміздің түкпір-түкпірінде өз саласының білгірлері болып, абыройлы қызмет атқарып жүр.
Иә, жоғарыда айтып өткендей, атамның естелік әңгімелерінің барлығы түгелдей есімде қалмаса да, мына әңгіме көпшілікке сабақ болар деп жазып отырмын. Тобықтан қан кешіп жүрсе де, Алладан қорған тілеген атамыз өмірінің соңына дейін намазын қаза етпеген жан еді. Соғыс кезінде жан-жақта снарядтар жарылып жатса да, намазын бұзбапты. Тіпті командирі ұрысса да, намазын қаза қылмаған. Бәлкім, сондықтан болар елге аман оралғаным деп отыратын.
Дегенмен жанына қатты батқаны мына оқиға деп сөзін жалғайтын.
– Соғыс аяқталды. Жүк пойызына отырып елге қайттық. Жолда бір бекетке тоқтаған кезде әлдекім «Тәңірберген» деп айқайлағандай болды. Жалт қарасам, жеңгелерімнің бірі екен. Мені аман көргеніне қуанғанып, әрі майданға аттанған жолдасының өлі-тірісінен хабар ала алмағанын айтып жылап алды. Оны естіп, жақын жердегі штабқа бардық. Міне, сол жерде ағамның қайтыс болғанын естіп, екеуміз де мұңға орандық. Маған соғыс емес, сол хабар ауыр соққы болды, – деп көзі тірісінде жиі айтып отыратын.
Осылайша өзінің зат салған әскери сөмкесін (вещьмешогын) жоғалтып алады. Сөмкедегі соғысқа қатысқандығын растайтын құжаттары мен медальдары толығымен жоғалады. Бір өкініштісі, бейбіт күндері соғысқа қатысқанын дәлелдей алмай, Мәскеуге бірнеше рет хат жолдады. Жауабын ала алмаған атам 1989 жылы өмірден өтті. Ал 1991 жылы өмірінің соңына дейін күткен құжаттары қолымызға тиді. Кейін «Память народа» сайты арқылы аты-жөнін тауып, соғыс ардагері екенін тағы да дәлелдеуге мүмкіндік алдық.
Иә, елдік үшін ерлік көрсеткен ардагерлердің, майдангерлердің есімі мәңгі есімізден өшпек емес.
Мариям ӘЛИАСҚАРҚЫЗЫ
Алматы қаласы
Алматы қаласы