Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МАЙДАНГЕРГЕ МЫҢ ТАҒЗЫМ!

МАЙДАНГЕРГЕ МЫҢ ТАҒЗЫМ!

Жер дүниені сілкінтіп, жарты әлемді шарпыған соғыстың көзі тірі куәгерлерінің бірі – Таужан Жанасов. Германияны өз жерінде тұншықтыруға үлес қосқан сексеуілдік ақсақалдың жасы бүгінде тоқсаннан асты. Жастық шағы соғыспен тұспа-тұс келген майдангермен әңгімелескенде зұлмат жылдарды күрсіне еске алды. Қасіретті уақыт кімнің көкейінде тәтті естелік қалдырды дейсің...
Таужан Жанасов 1925 жылы сол кездегі бөлініс бойынша 6 ауылда (№84 разъезде) дүниеге келген. Бозбала болып бой түзей бастаған шағында соғыс басталады. Фашистік Германия тыныш жатқан елдің шырқын бұзып, Кеңес еліне қарсы соғыс ашты. Абдыраған халық әрі-сәрі күйге түседі. Елдегі қару ұстауға жарайтындар ұрыс даласына аттанып жатты. Жасы да, жасамысы да сол қатарда еді. Өрімдей 17 жасында Кеңес Армиясы қатарына шақырылған Таужан ата әуелі бір ай бойы Ақмоладағы оқу-жаттығу алаңында күн-түн демей әскери дайындықтан өтіп, онан соң майданның алғы шебіне жіберіледі.
– Алғаш қару ұстап, жауға қарсы тұрғанда өмір туралы ұғынып болмаған ұлтарақтай бала едік. Бізді майдан ерте есейтті. 1942 жылы бірінші рет фашистермен бетпе-бет келіп, майдан алаңына шықтым. Қаншама жауынгер достарым көз алдымда мерт болды, 18-20 жастағы жігіттер оққа ұшып жатты. Әуелі І-Украин майданының құрамында соғысып, кейін VІ-Украин майданының жаяу әскері санының жауынгері болдым, – дейді ақсақал.
Ол жеңіс тойын Германияда тойлады. Қанқұйлы фашизмнің ойсырай жеңілгенін өз жерінде көрді. Соғыс біткен соң да Германия жерінде 1945 жылдың тамызына дейін болады. Кеудесінде жарқыраған орден-медальдар оның Отан үшін жасаған ерлігінің көрінісіндей. Сондай-ақ, «І-ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдары жаугершікке толы жорық жолдарынан белгі беріп тұрғандай.
Жиырмасында соғыстан оралған Таужан Жанасов елге келісімен Сексеуіл стансасы депосында машинист болып еңбек етті. Кейін депода кәсіподақ ұйымының төрағасы болып қызмет атқарып, 1980 жылы зейнетке шықты. Бүгінде кенттің қадірлі ақсақалынан тараған ұрпақтар үлкен әулетке айналды. Ұрпақтары – аталары қорғаған ел мен жердің бақытты буыны. Жастарды Отанға деген сүйіспеншілікке үндеп отыратын қазыналы қарт бейбіт күннің бағасын білуді ұмытпаңдар деп үнемі ескертеді.
– Біз ерлік жасап, көзге түсейін, орден алып, медаль тағайын деп соғысқан жоқпыз. Біздің қажырымыз бойымызда, қайратымыз тасып тұрған шақпен соғыс уақыты қатар келді. Сын сағатта Отан алдындағы борышымызды өтедік. Алайда соғыстың қасіретін артымдағы балаларым көрмесе екен, – дейді майдангер.
Жоламан ЖОЛДАСОВ,
Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі.
07 мамыр 2018 ж. 2 409 0