Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДЫҚТАР АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

АРАЛДЫҚТАР АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына тура 31 жыл толды.
ХХ ғасырдың ең ұзақ майданына баланған ауған соғысына Қазақстаннан 22 мыңға жуық адам қатысқан болса, олардың 60-тан астамы аралдық азамат еді. 10 жылға созылған зұлмат соғыста қасіреттен қан кешіп, қаншама жерлестеріміз көмусіз жат жерде қалды. Олардың бәрі де Қазақстанға төнген соғыс қаупінің жалынына қасқайып қарсы тұрған жаужүрек батырларымыз болатын. Солардың арасынан Аралдан аттанған майдангерлердің 58-і елге оралған болса, майдан даласында 2 жерлесіміз туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай жантәсілім етті.

Осы орайда, бүгін ауданда көңілге сызын, жүрекке ізін қалдырған соғыс жылдарында қаза тапқан қандастарымызды еске алуға арналған «Намыстың отын жаққан ағалар» атты митингі өткізілді. Арнайы, Арал қаласындағы ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш айналасына жиналған қауым ең алдымен майдаңгерлерді үнсіз еске алып, орталық мешіттің найб имамы Н.Кеңесханов құрбан болған боздақтардың құрметіне құран бағыштады.

Одан әрі, аудан әкімі М.Оразбаев бүгінгі күннің маңыздылығына тоқталып "Батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, өздерінің Отан алдындағы борышын адал орындаған майдангер азаматтар қашанда жастарымызды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі. Себебі, сіздер ел басына күн туғанда жауынгерлік пен ерлік өнегесін көрсеттіңіздер. Бүгінгі ұрпақ сіздерді әрдайым мақтан етеді. Үлгі-өнеге алып, есімдеріңізді мәңгі жүректе сақтайды "-дей келе, аудандағы ардагерлерге, жиналған көпшілікке ізгі лебізін білдірді.
Сөз тізгінін мұнан әрі аудандық Ауған соғысы қоғамдық ұйымының төрағасы С.Бисембаев алып, бейбіт күннің қадірін ұғынуды сөз етіп, еліміздің, жеріміздің тыныштығын тіледі.

Шара соңында тарихи күнді ұлықтауға жиналған ұжымдар мен еріктілер тобы Ауған соғысында қаза тапқан жерлестерімізге гүл шоқтарын қойды.
16 ақпан 2020 ж. 1 129 0