Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарих толқынындағы ауған алауы

Тарих толқынындағы ауған алауы

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Сұрапыл соғысқа қазақ даласынан 22 мыңға жуық азаматтың аттанғандығы белгілі. Оның ішінде, Аралдық азаматтар да бар еді.Осы орайда, аудан тұрғындары ауған жерінде өздерiнiң интернационалдық борышын өтеу кезiнде ерлiкпен қаза тапқан жерлестерімізге қойылған ескерткiш тақтасына гүл шоғын қойып, олардың рухына құран бағыштап, тағзым етті. Қан майданда, ұрыс даласында қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Отанына шексіз берілген, патриоттық рухтың жоғары деңгейін көрсеткен жауынгердің ерлігін үлгі ету мақсатындағы шара аудандық мәдениет үйінде жалғасты,-деп хабарлайды Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталмыш шара жауынгерлердің туған жерге, баланың әкеге деген сағынышы бейнеленген көрініспен басталды.
Аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы ел басына күн туғанда жауынгерлік ерлік пен елдіктің өнегесін көрсеткен қаһармандарымызды бүгінгі қазақ елінің ұрпағы әрдайым мақтан ететіндігін айтты. Сондай-ақ, жастардың бейбіт өмірдің бағасын біліп, өз Отанын сүюге, елінің патриоты болуына тілектестігін білдірді.
Ауған соғысы ардагерлеріне «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» мерекелік төсбелгісі мен аудан әкімінің құттықтауы табысталып, сый-сияпат жасалды.
Арал ауданынан 60 азамат Кеңес әскері құрамында Ауғанстан жерінде әскери борышын өтеуге аттанған. 2 азамат майдан даласында қаза болып, 58-і елге оралды. Қазіргі таңда 30-ға жуық ардагер түрлі салада еңбек етуде.
15 ақпан 2019 ж. 1 488 0