Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРЛІГІ ЕЛГЕ МҰРА

ЕРЛІГІ ЕЛГЕ МҰРА

Арал аудандық мәдениет үйінде Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында ерен ерліктің үлгісін танытқан, айбынды жерлесіміз, Қазақстанда жасақталған 73- гвардиялық дивизияның ту ұстаушысы, Кеңес Одағының батыры Мақаш Балмағанбетовты еске алуға арналған «Ерлігі - елге мұра» атты рухани тағылымдық кеш өтті. 
Тағлымға толы шараның шымылдығы батыр тұлғаның өмір жолынан сыр шертетін, Мақаш Балмағамбетовтың өрлігі мен ерлігін бейнелеген өте әсерлі театрландырылған көрініспен ашылды.
Жиналған көрермен бір сәтке батырдың балалық шағы мен аумалы-төкпелі ашаршылықтың ауыр жылдарындағы 17 жасар бала Мақаштың бейнесіне шомды. Абыройлы әкенің тәлімін алған ержүрек ұлдың майдан даласына елін, туған жерін қорғауға аттанған сәтін елестетті. Ұрыс даласында жас жауынгердің қайтпас қайсарлығы мен қиян-кескі ұрыстарға кіріп, оқ пен оттың ортасында кеудесін оққа төсеп, жауға қарсы шығып, елі үшін, туған жері үшін танытқан қаһармандығы өте шебер сомдалып, жұртшылықтың көңілін тербеді
Осылайша, көпке ой салып, әсіресе, Отан алдындағы ер азаматтарымыздың абыройлы борышын есе салып, намысын қайраған көрініс одан әрі тақырыпқа сай концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан өнерпаздары патриоттық рухты жаныған ән-жырларын ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
19 мамыр 2018 ж. 1 378 0